Qurt лақапатымен танымал қазақстандық рэпер Дамир Қойшыбаевтың әйелі әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Ол күйеуін ұрып-соқты деп айыптады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әртістің жұбайы Аружан Қойшыбаева әлеуметтік желіде аяғы көгерген суреттерін жариялады. Ол бұл жарақаттарды күйеуі салғанын мәлімдеді.
"2025 жылы 27 маусымда күйеуім - Qurt (Дамир Қойшыбаев) бүркеншік есімімен белгілі рэпер соққыға жықты. Барлығы таңғы сағат 10-да болды, ол мені бір сағат бойы белбеумен ұрды. Белбеу сынған кезде басқа белбеумен ұруын жалғастырды", - деп жазды ол үндеуінде.
Оның сөзінше, оқиға болған кезде адамдарды көмекке шақыруға тырысқан, бірақ пәтерден шыға алмаған.
"Пәтерден шыға алмағандықтан айғайлай бастадым. "Көмектесіңіздер, құтқарыңыздар, мені өлтіргелі жатыр" деген айғайымды көршілер естіп, мені құтқарды", - деді ол.
Ол ұзақ уақыт бойы жұбайына деген сезіміне байланысты болған оқиғаны жария етпегенін жеткізді.
"Бірақ ол болған оқиғаға өкініп тұрған жоқ", - деді ол.
Ол бәрін суретке түсіріп алғанын, полицияға ресми арыз жазуды жоспарлап отырғанын айтты. Алайда, оның айтуынша, рэпер достарымен бірге оған кедергі келтіруге тырысқан.
"Ол достарымен келіп, видеоға оған қарсы ешқандай шағымым жоқ екенін айтқызды. Оның кейбір достары мені қорқытып жатыр. Не істерімді білмеймін. Адвокаттарды жалдау үшін көмек пен қолдау қажет", - деді қазақстандық.
Сонымен қатар, ол Instagram stories-те жүкті екенін айтты.
Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, бұл жағдай 27 маусымда тіркелген.
"Полиция қызметкерлері жедел жолға шықты. Ер адамға қатысты қорғаныс ұйғарымы шығарылды. Құқықбұзушы уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Полиция қызметкерлері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша жинаған материалдар сотқа жолданды", - деді полицияның баспасөз қызметі өкілі.
Алайда, Астана ПД мәліметінше, сотта тараптар жәбірленуші жазған жазбаша өтініш негізінде татуласқан.
"Қазір бұл оқиға бойынша басқа арыз түскен жоқ. Қосымша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралады", - деп толықтырды полиция.
Айта кетейік, Дамир Қойшыбаев 24 жаста. Рэпер қазақстандық хип-хоп бағытының танымал өкілдерімен, соның ішінде Скриптонитпен, Truwer және 104-пен ынтымақтастықтан кейін танымал бола бастады. Spotify-да 15 563 тыңдарманы бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!