“Бір плюс, бір минуспен аяқталды“. Экономист 2024 жыл туралы

“Бір плюс, бір минуспен аяқталды“. Экономист 2024 жыл туралы
Фото: chatgpt

Биыл Қазақстан экономикасы үшін оңай жыл болған жоқ. Massaget.kz тілшісі экономист Айбар Олжаевпен сұхбаттасып, жыл қорытындысы жайлы пікірін сұрады. 

 Айбар Олжаев 

"Өсім көрсеттік, бірақ мұнайдың есебінен емес"

Сарапшы 2024 жыл Қазақстан экономикасы үшін екіұдай пікір қалдырғанын айтады.

"Биыл экономика 4 пайыздың айналасында өсім көрсететін шығар. Бұған қуанатын тұсымыз да бар. Себебі мұнайдың есебінен емес, өңделетін өнеркәсіп есебінен өсіп жатыр. Біз мұның жемісін көрдік", - дейді ол.

Анықтама: Биылғы қаңтар-қараша айлары аралығында мұнай және конденсат өндіру көлемі 80,5 миллион тоннаға жетіп, былтырмен салыстырғанда 1,7 миллион тоннаға азайған. Министр Алмасадам Сәтқалиев жыл қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 88,4 миллион тонна деңгейіне жететінін мәлімдеген еді.

depositphotos.com

"Әттеген-ай дейтін жеріміз бар"

Экономист Қазақстанның биыл әттеген-ай дейтін басты өкініші - мемлекеттік қаржы мәселесі екенін айтады. Өйткені салық бойынша бірде-бір жоспар орындалмаған.

"Бұл тұста үлкен мәселе бар. Сондықтан Республикалық бюджет туралы заңда бюджетімізді түзетуге мәжбүр болдық. Өте үлкен көлемде салық жоспары орындалмады. Ал шығынымыз артып кетті", - дейді Айбар Олжаев.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Сарапшының айтуынша, бұл бюджет дефицитіне әкеп соққан.

"Биыл рекорд көрсеткіш, яғни 5 триллионнан аса деңгейде Ұлттық қордың есебінен жаптық. Бұлай жалғасы беруі мүмкін емес. Сондықтан келесі жылы осы мәселеге басты назар аудару керек. Демек бюджет шығындарын азайту мәселесі алдымызда тұрады", - дейді ол.

Анықтама: елімізде келесі жылы бюджет тапшылығы төрт триллион теңгеден асып кетуі мүмкін. Тоқаев биылғы Жолдауында республикалық бюджетке кіріс өз деңгейінде түспей жатқанын айтты. Президент өңір басшыларын артық шығындарды азайтып, қаржыны үнемдеуге шақырды.

Қазақстан бюджет тапшылығын жою үшін банктерден қарыз да алады. Мұның қатарында Азия даму банкі де бар. Келісім бойынша қарыз 2038 жылғы 1 желтоқсанға өтелуге тиіс. Қарыздың жалпы сомасы - 600 млрд теңге. Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 84,9 миллиард йен қарыз алады. Ал оны қайтару мерзімі - 11 жыл. Үкіметтің бұл әрекетін Мәжіліс депутаттары біраз сынады. Ерлан Сайыров Үкімет қарыз алуға әуестеніп бара жатыр десе, Мақсат Толықбай мұның мақтанатын жағдай емес екенін айтты.

"Плюс-минуспен аяқтадық"

Экономист Қазақстанның алдында келер жылы қандай қауіп барын да айтты.

"Бір жағынан мұнайсыз экономикалық өсімге қуанып жатсақ, екінші жағынан мемлекеттік қаржыдағы қарыз қамыты ұлғайып жатқаны көңілге жағымды болып тұрған жоқ. Сондықтан 2024 жыл бір плюс, бір минуспен аяқталды. 2025 жылға қатысты үлкен алаңдаушылық бар. Себебі мұнай бағасы түсіп кетсе, проблемаларымызды немен жабарымызды білмейміз", - деді ол.

Доллар туралы бірер сөз

Биыл доллар бағамы айтарлықтай құбылды. Тіпті кейінгі 2-3 ай көлемінде халық доллар бағамы 600 теңгеге дейін көтеріле ме деп қауіптенді. Кейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақпен жылдық 15,25 пайыз деп белгілеу туралы шешім қабылдады. 

depositphotos.com

Ал бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамы күрт құбылуына не әсер еткенін айтты:

"Біріншіден, экономикамыз мұнайға қатты тәуелді. Мұнай нарығында тұрақсыздық болып жатыр. Кейінгі апталарда мұнай барреліне 80 доллардан 71,5 долларға дейін төмендеді. Бұл біздің ұлттық валютамызға әсер етпеуі мүмкін емес. Екіншіден, қазақстандық заңды тұлғалар тарапынан сұраныс жоғары. Бұл көбіне бюджет қаражаты есебінен немесе квазимемлекеттік сектор есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға байланысты. ...Төртінші тоқсанда валютаға сұраныс жоғары екенін байқап отырмыз".

Биыл АҚШ-та президент сайлауы өтіп, Дональд Трамп жеңіске жетті. Сүйлейменов сайлаудың да әсерін жоққа шығармады.

"АҚШ-тағы сайлау - маңызды макроэкономикалық фактор, ол белгілі бір жаққа қарай әсер етуі мүмкін. Өйткені президенттікке үміткерлердің мықты экономикалық бағдарламалары бар. Оның ішінде мұнайға қатысты да. Екіншіден, мұнай экспорттаушы елдер ұйымының шешімін күту керек", - деді бұған дейін Ұлттық банк төрағасы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова