Қарағандыда өткен мерекелік концерт кезінде 235 бала халық арасында адасып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Конституция күні мен Шахтер күніне арналған мерекелік шараға Қарағандыдағы Тәуелсіздік алаңына шамамен 120 мың адам жиналды. Үлкен сахна, эстрада жұлдыздары мен мерекелік көңіл-күй кешті ерекше етті. Алайда басты назар балалардың қауіпсіздігіне ауды.
Қалың әрі дабырлаған халық арасында 5 пен 15 жас аралығындағы балалар көзден таса болып жатты. Полицейлер концерт жүргізушілерімен алдын ала байланыс орнатып, табылған балалар туралы хабарды жедел жариялап отырды. Балалардың қауіпсіздігі үшін арнайы автобус бөлініп, онда бүлдіршіндер ата-аналары келгенше тәртіп сақшыларының қарауында болды.
Қарағанды ПД
"Біз 235 баланы ата-анасына тапсырдық. Бір отбасынан бірден төртеуі жоғалған жағдайлар да кездесті. Ата-аналар көмек сұрап жылап келді, ал балаларын тапқанда кейбірі бізді автобуста ұстағанымызға ашуланды. Бірақ дәл сонда балалар қауіпсіз әрі жылы жерде болды", – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.
Қауіпсіздікті мыңнан аса полицей мен Ұлттық ұланның 300 әскери қызметкері күзетті. Ешқандай құқықбұзушылық тіркелген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек