Шымкентте М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күдіктілер кімдер?
Күдіктілер қатарында бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ, мердігер ұйымдардың басшылары бар.
Схема қалай жүзеге асқан?
ҚМА мәліметінше, күдіктілер тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе қымбат сатып алынған жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқан.
"Байланысы бар жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың шоттарына аударылған қаражат кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмысқа қатысушылар арасында бөлінген. Осы схема аясында университет басшылығы нарықтағы құны 200 мың теңгеден аспайтын бір орындықты 20 млн теңгеге сатып алған", - деп жазылған хабарламада.
ҚМА кадры
Сонымен қатар, ҚМА дерегіне сүйенсек, күдіктілер тозған материалдарды баланстан формалды түрде есептен шығарған, бірақ оларды пайдалана берген. Ал есептен шығарылған мүліктің орнына алынуға тиіс жаңа тауарлар мүлдем жеткізілмеген.
Мемлекетке келген шығын көлемі
Мемлекетке 321 млн теңге көлемінде залал келген.
"Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені ерікті түрде өтеді. Сот санкциясымен олардың мүлкіне - 4 тұрғын үйге, 1 көлікке және банк шоттарындағы 40 млн теңге көлеміндегі қаражатқа тыйым салынды", - деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова