Бірі орнына Президент етіп қалдырған, бірі көмекшісі етіп тағайындаған: Орта Азия елдерінде билік мұраға қалып жатыр ма?

Орта Азия елдерінде Мемлекет басшыларының балалары лауазымды қызмет атқаруы жиі байқалады. Мәселен, Өзбекстан президенті қызын көмекшісі етіп тағайындаған болатын. Massaget.kz тілшісі Орта Азия елдері Президенттерінің балалары қандай қызметте болғанына шолу жасады.

  • Өзбекстан

elements.envato.com

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 38 жастағы қызы Саида Мирзиееваны көмекшісі етіп тағайындады. Ол - Өзбекстанның қазіргі президентінің үлкен қызы. Мирзиеева Өзбекстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған Ойбек Тұрсыновқа тұрмысқа шыққан.

instagram/saida_mirziyoyeva

Президенттің кіші қызы да белді қызметте болған. Ашық деректерде Шахноза Мирзиёева мектепке дейінгі білім министрлігін басқарғаны, ал оның күйеуі Отабек Омаров президенттің қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары болғаны, триатлон және ММА федерациясының президенті қызметін атқарғаны айтылады.

instagram/shahnoza_mirziyoyeva

  • Түрікменстан

©РИА Новости

Түрікменстанда бұрынғы президенттің ұлы - қазір президент. Ол 2022 жылғы наурызда президенттік сайлауда 72,97 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Яғни Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов Түрікменстанның экс-президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың жалғыз баласы. Экс-президент 2007-2022 жылдары аралығында ел басқарған. Деректерде оның Гүлжахан мен Гүлшан деген тағы екі қызы бар екені айтылады.

habarho.com

  •  Тәжікстан

© Тәжікстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

Эмомали Рахмонның тоғыз баласы бар: жеті қызы (Фируза, Озода, Рухшон, Тахмин, Парвин, Зарина және Фарзон) және екі ұлы (Рустам және Сомон).

Ашық деректерде 2016 жылғы 27 қаңтарда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон екінші қызы Озода Рахмонды президент әкімшілігінің басшысы етіп тағайындағаны айтылады. Озода Рахмон бұған дейін Тәжікстан Республикасы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

asiaplustj

Ал Қазақстанда бұған дейін Президенттің туыстары кейбір қызметтерді атқара алмайтыны айтылған болатын. 

"Президенттің ағасы, әпкесі, балалары "Самұрық-Қазына" немесе "Бәйтерек" сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызмет атқара алмайды", - деген еді экс-әділет министрі Мусин.

Ал ашық деректерде Тоқаевтың ұлы Тимур Тоқаев Алматы облысындағы жеке шаруашылықты басқаратыны айтылады.

Одан бөлек, бұрынғы әділет министрі Президенттің туыстарына қатысты заң қабылданса, Болгариядағы елші қызметін атқарып жүрген Теміртай Ізбастин қызметінен кететінін жеткізген еді. Теміртай Ізбастин Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне 2019 жылғы 1 қарашада тағайындалған болатын. Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, ол Президенттің қарындасы Қарлығаға үйленген, яғни күйеубаласы. Ал қазір Болгариядағы елші - Виктор Темірбаев. 

Теміртай Ізбастин

Сонымен қатар, ашық дереккөзде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Қаныш Ізбастин "Бәйтерек" ұлттық холдингінде басшылық қызметтен кеткені айтылады. Ол 2021 жылы наурыздан бастап "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген.

Бәйтерек холдингінің сайты

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы ағайынды шенеуніктер кімдер екеніне шолу жасаған едік.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!