• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Бір өңірдің тұрғындары азық-түлік бағасы өскенін айтты

Бір өңірдің тұрғындары азық-түлік бағасы өскенін айтты
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда азық-түліктің көтерме бағасы орта есеппен 5 пайызға өсті. Халық тұтынатын тауарлардың құны Жетісу мен Түркістан облысында едәуір қымбаттаған. Оңтүстік өңірде тауық еті 11, ал картоп құны 13 пайызға артқан. Пияз бағасында да өсім бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап. 

Түркістандағы ең үлкен орталық базарда аудан мен қалалардан келетін жұрт сауда жасайды. Әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының өскенін азық-түлік алуға келген жұрт та байқапты.

"Ұн қымбат болып жатыр, соларды түсірсін", "Әлеуметтік дүкенде ғана аз қамтылғандарға береді, бағасы қарапайым шаруаның қалтасына оң келеді. Қалған жерде ондай баға жоқ, бәрі өте қымбат", - дейді пікір білдірген тұрғындар.

Сатушылар да жұртқа ең қажет азық-түлік түрлерінде өсім бар екенін мойындайды. Бірақ олар бағаны ауадан алмаймыз дейді.  

"Қыста жол шығынына байланысты қымбаттайды. Өйткені кей өнім үсіп кетеді, шығыны көп болады. Сол үшін баға шамалы көтеріледі. Сәбізді 200 теңгеден, пиязды 180-200 теңгеден сатып жатырмыз. Капустаның бағасы ары кетсе 200-230 теңге", - дейді сатушы Сәлима Төлегенова.

Ал сарапшы Гүлзира Әзіретбергенова мұндай өсімге көбіне нарықтағы делдал сауда себеп дегенді алға тартады. Мұндайда тауардың негізгі құнының өскенінен бөлек, қолдан-қолға өтуі де бағаның бақылаудан шығуына себеп екен.

"Тасымалдаушы мен делдалдар ақшаны көп табады. Сол үшін отандық өндірушілер тікелей нарыққа шығуы керек. Сол кезде ғана қымбатшылықты ауыздықтаймыз. Қымбатшылықты ауыздықтау үшін мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық саласына қолдау керек", - деді экономист Гүлзира Әзіретбергенова.

Бұл ретте тауар құнын негізсіз көтеріп жіберетін пысықай кәсіпкерлердің барын жоққа шығармаймыз. Алайда олар әлеуметтік азық-түлікке 15 пайызға дейін ғана үстемеақы қосуға құқылы. Ал шектен шығып кетсе, сатушы айыппұл арқалайды. Мәселен, былтыр Түркістан облысында осындай 250-ге жуық кәсіпкер заң бойынша жазаланыпты. 

"Келіп түскен материалдар негізінде 260-қа жуық іс қаралып, соның 248-іне шара қолданылды. Оның 244-іне ескерту түріндегі ӘҚК сәйкес шара қолданылса, 4-еуіне айыппұл түрінде жаза қолданылды", - деді Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Самат Кенжетайұлы.

Жергілікті билік тауарлардың құны бұдан артық қымбаттамайды деп сендіріп отыр. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ дейді. Себебі тұрақтандыру қорында халыққа қажет азық-түлік қоры жеткілікті көрінеді және тауар сауда орталықтарына тікелей жеткізіледі екен.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget