"Бір өлімнен аман қалғанымызға қуандық". Түркиядағы қазақ Ыстамбұл көшесіндегі жарылыс туралы айтты

13 қарашада Түркияның Ыстамбұл қаласындағы туристік көшенің бірінде жарылыс болды. Салдарынан 6 адам қаза тауып, 81 адам зардап шекті. Қала тұрғыны Бейімбет Зайд елдегі қазіргі ахуал туралы айтып берді. 

Бейімбет Зайд жеке кәсіппен айналысады. Бір жылдан бері Түркияда тұрып жатыр. Оның сөзінше, елге көшкендегі мақсат - түрік халқын ішінен танып білу, өндірістерін, туризм саласын зерттеу, тіл үйрену және жаңа достар табу болған. Бейімбет жарылыс болған күні не істегенін айтты.  

"Біздің отбасымызда аптаның әр сенбі немесе жексенбісі отбасылық күн. Ол күні үнемі сауда орталықтарына және туристік жерлерге барып серуендеу әдетіміз бар. Осылай бұл қайғылы күні де біз Таксим алаңы жанындағы, Истикляль көшесінде жарылыс болған сәтте жүрдік. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмедік. Жарылысқа 30 минут қалған кезде түрік досымыздың сол көшенің бойында орналасқан қонақүйіне кіріп амандасып шығайық дедік. Осылайша, жарылыс болған көшеден бұрылып кеттік. Досымыз шай, кофе ұсынып, әңгіме айтайық деп бізді 30 минутқа қалдырды. Егер ол қалуды ұсынбағанда біз кері сол Истикляль көшесінде серуенімізді жалғастырғалы отырғанбыз…", - дейді Бейімбет. 

Reuters

Олар отбасымен достарының қонақүйінде шай ішіп отырған сәтте гүрс еткен қатты дауысты естіген. 

"Не болды деп шықсақ, барлық адам қашып бара жатыр екен. Бізде еш ой жоқ, бірақ бір жаман жағдай болғанын түсіндік. Дереу қызымызды балаарбаға отырғызып, халықпен бірге бұл ауданнан алысқа қаштық. Бірақ, полиция қызметкерлері ауданды толығымен қоршап, аудан ішінде қалғандарды кезекпен шығарды. Такси, метро, көлік тұрақтары бірден жабылды. Барлығында дүрбелең, жарылыс қайталану қауіпі болды. Себебі ол кезде жарылыс жасаған қылмыскерлер әлі табылмаған еді", - дейді қазақстандық. 

Осы кезде аспаннан тікұшақпен, жерде арнайы әскерлер тергеу жұмыстарын жүргізе бастаған.

"Біз нақты не жағдай болғанын білмедік. Сол сәтте интернетті де өшіріп тастады. Көшеде кетіп бара жатқандар "адам өз-өзін жарды, біраз адам қаза болды" деп айғайлап, жылап жүрді. Таксим ауданы, Истикляль көшесі 20 миллион тұрғыны бар Ыстамбұл қаласының туристер көп жиналатын орны болып саналады. Себебі әуежайға ұшып келген әр турист ең алдымен осы ауданға келіп, одан соң өз қонақүйлеріне осы жерден барады. Ыстамбұлда болған әр отандасымыз оны білетін шығар. Содан біз 2 сағат дегенде 2 жастағы қызымызбен ол ауданнан жаяу жүріп шығып кеттік. Себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, барлық көлік түрі тоқтатылды. Осылай бір өлімнен аман қалғанымызға қуандық, барлығына ризашылығымызды білдіріп, аман-сау үйімізге оралдық", - дейді Бейімбет. 

Reuters

Бейімбеттің сөзінше, түркиялықтар бұл жайтты ауыр қабылдаған. 

"Сол сәтте адамдардың көңіл күйі өте нашар еді. Тек сол жердегі адамдар емес, барлық 85 миллион түрік халқы уайымдады. Себебі VPN арқылы интернетке кіргенімізде тек осы жаңалық талқыланып жатты. Көшеде жылап тұрған азаматтарды көріп бұл халықтың басқаның қайғысына ортақтаса білетініне тағы көзімізді жеткіздік", - дейді Бейімбет.

Ыстамбұл тұрғынының сөзінше, елде жарылыстың бірнеше себебі талқыланып жатыр. 

"Ең алғашқы нұсқада Сирия елінің азаматы деп айтылды, одан соң күрд ұлтының азаматы болуы мүмкін деп айтылды. Түркияда Сирия елінен қашып келген 5 миллионнан аса босқын тұрады, олар өз елінде хаус туғызғанымен қоймай, бұл елдің де ішінен өз саясаттарын жүргізіп жатыр. Түрік мемлекеті Сирияда соғыс басталған уақытта, ол азаматтарды уайымдап, көмек білдіріп, өз еліне кіруге рұқсат беріп, түрік азаматтарынан да жоғары деңгейдегі жағдай жасады. Бірақ ол кісілердің көбі бұл мейірімділікті қолданып, өздерінің жаман тұсын Түрік мемлекеті ішінде көрсете бастады", - дейді Бейімбет. 

Reuters

Сол үшін Түрік мемлекеті ол Сирия азаматтарын соңғы 2-3 жылда қыспаққа алып, елден шығаруға әрекет етіп жатыр екен.

"Ал жақсы өмірге үйреніп қалған босқындарға бұл ұнамады. Сондықтан Сирия азаматтары күрд ұлтының қылмыстық топтарымен бірігіп осылай әртүрлі террористік әрекеттер жасап келеді. Былтыр да Түркия ормандарын өртеген солар деп болжам жасалды. Түрік азаматтарының ойынша, Түркиядағы босқын болып жүрген Сирия халқы осылай ел ішінде хаус туғызып, туристерді қорқытып, халықты азғындап, ел экономикасын әлсіретіп, кейін Түркияны басып алуға әрекеттеніп жүр", - деп ойын айтты Бейімбет.

Жарылыстан кейін сол ауданда және де бірқатар мемлекеттік мекемеде, оқу орындары мен туристік жерлерде қорғаныс күшейтілген.

"Бірақ бәрінің жұмысы толық тоқтап қалған жоқ. Түркия мектептерінде 1 аптадан бері тоқсандық демалыс, сондықтан балаларға еш қауіп төніп тұрған жоқ. Мұндай жағдайлар Түркияда үнемі болып тұратындықтан, билік пен әскери күш әр кез дайын отырады. Халыққа да қиын сәтте қалай қорғану керегін алдын ала айтып қойған", - дейді қала тұрғыны. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!