- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бір құшақтап, жүзін...
"Бір құшақтап, жүзін көрсем болды". Бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы анасын іздейді
Бельгиялық отбасы асырап алған 21 жастағы Эдди Жан Қазақстандағы туған ата-анасын іздейді. Оған дүниеге келгенде Жәнібек деген есім де берілген екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы журналист Олжас Беркінбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
"Мына видеода ағылшынша сөйлеп, сіздерден көмек сұрап отырған жігіттің есімі - Жәнібек, бірақ қазіргі құжатында ЭддиЖан деп жазылған. Ұлты - қазақ, 2002 жылдың 17 қаңтар күні Арқалық қаласында дүниеге келген. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғызбасты анасы асырап алуға алып кеткен. Туған анамның үшінші баласы болуым мүмкін дейді ол. Фламанд тілінде өскен ол, қазақша не орысша білмейді. Есесіне, ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейді. Қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады. Асырап алған отбасы оған еуропаша білім беріп өсірген. Осы күндері Астанада, өзінің туған әке-шешесін іздеп келіпті", - деп жазды ол.
Олжас Беркінбаев Эдди Жан жылқыны жақсы көретінін, атбегілікпен айналысатынын да жазды.
"Кеше осы жігіт туралы пост жазып, артынан біздің заңнамаға сәйкес, баланың өзі айтуы керек деген соң оны алуға мәжбүр болғам. Бүгін өзінің рұқсатымен видеосын жариялап отырмын. Туған әке-шешемнен түк керек емес, тек анамның жүзін көріп, бір рет құшақтап, жүрегімді тыншытсам болды деген Жәнібек мына видеоны бүгін неше рет түсіргенін білсеңіз ғой... Әлі толқып жүрмін, ана туралы ойласам, эмоциямды басқара алмай қаламын дейді. 20 желтоқсан Астанадан Испанияға ұшып кететін Жәнібек баршаңыздан көмек күтіп отыр. Қазақстан тым алыс, енді қашан келерім белгісіз, мұнда түрім қазақ, тілім өзгеше бәрі біртүрлі қарайды дейді. Мальоркада ол атбегілікпен айналысады. Жылқыны жақсы көреді екен... Барынша таратып, қандасымызға қол ұшын созып жіберейік, ағайын!" - дейді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова