- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бір күндік фирма:...
Бір күндік фирма: Салық кодексіне жаңа ұғым енгізілуі мүмкін
Салық кодексіне "тиісті сақтық" ұғымын енгізу ұсынылды. Аталған өзгеріс тауар жеткізушіні таңдау кезінде кәсіпкерлердің қырағылығын арттырып, жағымсыз мәмілелерден бас тартуға көмектеседі. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Қазіргі уақытта салық төлеуден жалтару үшін айналымын қолма-қол ақшаға айналдыратын фирмаларды пайдалану өткір проблема болып қалуда.
Мәселен, Салық кодексінде апелляциялық дауларды тудыратын үкімсіз немесе мәмілені жарамсыз деп танусыз бір күндік фирмалармен өзара есеп айырысу шығындарын болдырмауға мүмкіндік беретін тікелей нормалар жоқ.
Бақылау барысында мұндай төлемдерді ұсыну жосықсыз контрагенттермен кездейсоқ қарым-қатынастың салдарынан зардап шеккен адал салық төлеушілердің наразылығын тудырады.
Мұның бәрі тиісті сақтық қағидатын енгізудің және контрагенттерді дербес тексеру үшін ашық интеграцияланған деректер базасын құрудың алғышарты болып табылады.
"Тиісті сақтық" қағидатының мақсаты – контрагентті таңдау кезінде кәсіпкерлердің қырағылығын арттыру және қолма-қол ақша беретін компанияларды жою.
Осыған дейін, 2019 жылы Мемлекет басшысы ҚР Үкіметіне "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әрбір кәсіпкерге өзінің контрагентінің сенімділігін тексеруге мүмкіндік беретін бизнес субъектілері бойынша ашық интеграцияланған деректер базасын құруды қамтамасыз ету туралы тапсырма берген.
Аталған тапсырманы орындау үшін ҚР Үкіметі Ұлттық палатамен бірлесіп "Бизнес-әріптестер тізілімі" ақпараттық жүйесін құруға бағытталған жұмыс жүргізді.
Кәсіпкерлер 2021 жылғы 1 шілдеден бастап өздерінің әлеуетті контрагенттерін web-сілтемесі бойынша тегін тексере алады.
Базалық есеп 34 ашық ақпарат көздерінен алынған деректер негізінде, оның ішінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінен жинақталатын мәліметтерді пайдалана отырып қалыптастырылады.
Сонымен қатар, бүгінгі күнде, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында салықтық бақылау шеңберінде анықталатын сенімсіз өнім берушілердің тізімдері орналастырылып және мезгіл-мезгіл жаңартылып отырады. Бүгінде тізім кең, тіркеу деректеріне сәйкес орналасқан жерінен табылмаған мекемелерден бастап, қабылданған сот шешімдері бойынша мемлекеттік тіркеуі жарамсыз деп танылған субъектілерге дейін қамтылған.
Сонымен қатар, тәжірибеде жосықсыз тауар жеткізушілер өз серіктестерін шығынға батыратын жағдайлар аз емес, мұндай мәмілелердің алдын алу мақсатында қабылданған шара жүзеге асырылды. Салық төлеушілер уәкілетті органның электрондық алаңдарын пайдалана отырып, әлеуетті тауар жеткізушілерді алдын-ала тексеру мүмкіндігіне ие болды.
Осы жаңашылдық қазіргі уақытта "тиісті сақтық" ұғымын енгізе отырып, ҚР Салық кодексінің толықтырулар жобасында өз көрінісін тапты және адал салық төлеушілерге мемлекеттік бақылау шеңберінде жағымсыз мәмілелерден және олардың салдарынан аулақ болуға мүмкіндік береді.
Қ. Слямбек