Танымал әнші Толқын Забирова ұзақ уақыт сәби сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс туындайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі бұл туралы "Аңсаған сәби" бағдарламасында сөз етті. Ол тұрмысқа шыққаннан кейін 5 жылдан кейін ғана өмірге сәби әкелгенін баяндап берді.
"Аптасына, айына бір жылап алатын уақытым болды. Бір жылап алып, күйеуімнің қасына барып, "Бір күні мені тастап кетерсің" деп айтамын. Күйеуім болса, "Сен жындысың ба? Мен сені жақсы көремін ғой. Сол үшін де бізге Алла Тағала бала береді" деп мені жұбататын. Ол да мен секілді үмітін үзбейтін. Бір күні балалы болатынымызды айтқанымда менімен бірге қосылып жылап, күлетін шығар десем, маған қарап, "мен ешқашан күмәнданбағам" деп қояды", – деді ол.
Ұзақ уақыт балалы бола алмаған ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс туындайтынын, мұндай қиын кезеңдерде отбасы бірігуі керек екенін де атап өтті.
"Сол уақытта жолдасымның маған деген қолдауы, махаббаты ерекше болды. Қиын сәтте ерлі-зайыптылар бірігуі қажет. Сәби күтіп жүрген кезде жұбайлар арасында қиыншылықтар болуы мүмкін", – деді өнер иесі.
Еске салайық, қазір Толқын Забирова үш ұл тәрбиелеп отырған ана. Оның 20 жастағы ұлы Дияр Бабаев та өнер жолын таңдаған, пианист. Жақында Толқын Забирова ұлы екеуі бір жобада жұмыс істейтінін хабарлаған болатын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!