Қазақстанның Ішкі істер министрлігі адамдарды есірткі желісіне тартудың халықаралық арнасын жойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Операция бір жылдан аса уақытқа созылған
Бір жылдан аса уақытқа созылған арнайы операция бірнеше мемлекеттің аумағын қамтыған. Операция Украинаның, Албанияның құқық қорғау органдарымен, Қазақстанның, Украинаның Бас прокуратураларымен, Интерпол және АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасымен бірлесіп жүргізілген.
Схема қалай жүзеге асқан?
Қылмыскерлер заңды жұмысқа орналастыруды желеу етіп, call орталық операторларын, HR менеджерлерді, химиктерді, курьерлерді, есірткі жасырушыларды, логистер мен қойма қызметкерлерін тартқан.
Адамдарға оңай табыс табуды уәде етіп, іс жүзінде оларды халықаралық есірткі бизнесіне араластырған.
"Қылмыстық құрылымда рөлдер нақты бөлінген. Оны көршілес мемлекеттің 36 жастағы азаматы ұйымдастырған. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі операцияның барлық негізгі кезеңіне қатысты", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Не анықталды?
Украинада адамдарды заңсыз әрекетке тартумен айналысқан call орталықтарда 26 тінту іс-шарасы жүргізіліп, төрт мыңға жуық цифрлық айғақтар тәркіленген. Оларды талдау нәтижесінде Telegram желісіндегі 31 есірткі дүкені, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар және оған тартылған жүздеген адам анықталған. Олардың Қазақстан аумағында есірткі таратуға қатысы бар-жоғы тексерілген.
Мамырда операцияның кезекті белсенді кезеңі өткізілген. ІІМ өкілдері Киев қаласы мен Киев облысында 70 тінту іс-шарасын жүргізіп, адамдарды қылмысқа тартумен айналысқан call орталықтардың қызметін тоқтатқан. Нәтижесінде 27 адам анықталған.
Шілдеде украиналық құқық қорғау органдары өкілдері Қазақстан аумағында тағы 15 тінту іс-шарасын жүргізген. Елімізде есірткі сатуға қатысы бар желі мүшелері ұсталған.
"Бір кірген адам шыға алмаған"
"Қылмыстық құрылым ішінде қатаң ережелер болған. Қылмыстық әрекеттен бас тартуға тырысқан адамдарға айыппұл салынған, оларды ұрып-соғып, заңсыз ұстап отырған. Тартымды көрінетін бос жұмыс орындарының артында адамды есірткі бизнесіне тарту тұрған. Ал адам бұл іске кіргеннен кейін одан шығуға мүмкіндік берілмеген", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Жеті адам ұсталды
Операцияның қорытынды кезеңінде Украинаның бес облысы мен Киев қаласында тағы 35 тінту іс-шарасы жүргізілген. Осылайша, азаматтарды қылмысқа тартумен айналысқан халықаралық желінің екі буыны жойылған.
"Құрамында синтетикалық есірткі бар 24 келі қоспа, 3,5 мыңнан аса қолдан жасалған шылым, өлшеп салынған екі мыңға жуық пакет тәркіленді. Жеті адам ұсталып, қылмыстық схемаға қатысқан тоғыз адамға айып тағылды", - деді ІІМ өкілдері.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова