Бір қолға бес келі: Алматыда да картоп саудасына шектеу қойылды

Алматыдағы танымал супермаркеттер желісінде картоп сатуға шектеу енгізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қалалық кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы Алматыда қазір картоп тапшылығы жоқ екенін хабарлады. Сауда орындарының қоймаларындағы қорлар жергілікті халықтың сұранысын өтеуге жеткілікті дейді жауаптылар. Десе де, танымал супермаркеттер бірінде картоп сатылымына шектеу қойылғанын байқауға болады.

Фото: Tengrinews.kz

Ресми мәлімет бойынша, форвардтық сатып алулар аясында Алматыдағы супермаркеттердің бірінде картоптың келісі 157 теңгеден белгіленген бағамен сатылып жатыр.

"Бүгінгі күні бұл баға қала бойынша ең төменгі баға болып тұр. Осыған байланысты кей кәсіпкерлердің картопты кейіннен жоғары бағамен қайта сату үшін жаппай сатып алу фактілері де болып жатыр. Алыпсатарлық пен картоп бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу үшін уақытша шектеулер енгізілді. Көтерме сатып алуларға шектеу қойылды, - деп жауап берді Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы.

Фото: Tengrinews.kz

Айта кетейік, бұған дейін Астанада танымал сауда желісінің супермаркеттерінде картоп сатуға шектеу енгізілгені туралы хабарлаған болатынбыз. Елордалық супермаркеттердің бірінде ілінген жарнамадан, бірінші сұрыпты картоп бір адамға 5 келіден аспайтын мөлшерде сатылғанын байқауға болады.

24 қаңтарда Астанада бір адамға 5 келіге дейін картоп сатуға қойылған шектеу алынып тасталды. Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына сілтеме жасаған әкімдіктің баспасөз қызметі бүгінде картоп сатуға қойылған шектеулердің алынып тасталғанын, қалада картоп тапшылығы жоқтығын мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!