- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бір кеспе 8...
"Бір кеспе 8 секундта созылады" - Tiktok арқылы танылған лағманшы
Tiktok арқылы танылған Жанарыс Серікұлы есімді лағманшы Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында тез әрі дәмді кеспе дайындаудың құпиясын бөлісті.
"Даяшы болып жүріп асхана әлеміне келдім"
Жанарыс Серікұлы 2004 жылы Қытайда, Тарбағатай өңірінде дүниеге келген. 2006 жылы Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласына көшіп келген. 2021 жылы 11-сыныпты бітіріп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығына құжаттар тапсырған. Алайда тағдыр айдап, асхана әлеміне келген.
"Өкінішке қарай, ақылы бөлімде оқыдым. Қаражат керек болып, даяшының жұмысын қатар алып жүрдім. Сабағым күрт нашарлап, оқудан шығып қалдым. 2022 жылы 18 жасқа толған кезімде Отар гарнизонына Отан алдындағы борышымды өтеуге бардым. Әскерден келе сала 2023 жылы асхана әлеміне қызығып, қазір осы саладамын. Өйткені даяшы болып жұмыс істеп жүргенде, аспаз ағалардың жұмысына қызығып, үйрене бастадым", - деді ол.
"5 миллиметрден 8 миллиметрге дейін кеспенің 5 түрін созамын"
Бір қызығы, отбасы мүшелері ішінен Жанарыстан басқа бұл салада жүргендер жоқ. Лағманшы жігіт қазір Ақтау қаласында жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін Астана, Петропавл қалаларында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған.
"Бұл салада жүргеніме бір жылдан асып кетті. Негізінен дүнген асханасына, кеспеге, салаттарға жауап беремін. Алты түрлі салат жасаймын. Кеспенің бес стандарты бар. Яғни 5 миллиметрден 8 миллиметрге дейінгі 5 стандарт. Лапшаның 4 түрі бар. Ащылығы бойынша 3 түрі бар", - деді аспаз жігіт.
"Бір кеспе 8 секундта созылады"
Жанарыстың сөзінше, жұмыс процесі қамырды илеген кезде ғана қиын.
"Бәрі қамырды асықпай, әдемі етіп илегеніңізге байланысты. Қамырыңызды дұрыс илемесеңіз, бір күндік жұмысыңыз құр кетеді. Кеспені ұн кезінен бастап дайындау 20 минут уақыт алады. Рекорд көрсеткіш 11 минут болды. Ал бір кеспе 8 секундта созылады. Бұл - бір ыдыстың мөлшеріндей кеспені созуға кететін уақыт. Біздің мейрамханада асты жылдам дайындап ұсынатындықтан, қонақ келгеннен кейін алдына тамақты 7 минутта ұсынуымыз керек. Одан кешіксе, бізге ескерту жасалады. Кеспені пісіруге көп уақыт кетпейді. Қайнап тұрған суда 4-5 минутта пісіп кетеді", - деді лағманшы.
Бүгінде Жанарыстың лағман жасауына қызығып жазылған оқырмандарының саны 36 мыңнан асқан. Ол ер адамның ас дайындауына қатысты сын пікірлер айтылатынын жоққа шығармады.
"TikTok жүргізгеніме 6-7 айдай болды. Желідегі пікірдің 99 пайызы - жақсы пікірлір, бір пайызы - жағымсыз пікірлер. Мұндай адамдарға қарсымын, қолыңнан келе ме, істеу қажет. Ер адамның тамағы дәмді шығып жатады. Оның үстіне ас үйде қамырмен жұмыс істеу, күніне 20-25 келі ұнмен алысу әйел адамға ауыр деп ойлаймын.
Әке-шешем "асүйден шық. Қанша табыс тапсаң да 13-14 сағаттық жұмыс жұмыс бола ма, демалу керек, ауылға қайт" деп ұрысады. Өйткені бізде жұмыс уақыты тым ұзақ. Түскі 12-де кетіп, түнгі 2-де үйге қайтамыз. Бірақ бір жағынан TikTok-тың да арқасында деп ойлаймын. Мейрамхана иелері жарнама бергісі келеді. Жарнама жағынан да табыс аламын. Былай жалақым - 600 мың теңге", - дейді ол.
Суреттер: жеке архивтен
Расында да, құпия рецепт бар ма?
Лағманшы рецептінде ешқандай құпия жоқ екенін жеткізді.
"Лағманды көп адам ұнатады. Бірақ илеуге келген кезде қамыры дұрыс шықпай қала береді. Біріншіден, жақсы сападағы ұн керек. Екіншіден, қамырды сезініп жұмыс істеу керек. Одан кейін адамның ынтасына, талпынысына байланысты. Қатып қалған құпия рецептім жоқ. TikTok желісінде де жариялағанмын. Жұрт "бұлай емес" деп сенбей жатады. Дүнгендердің өзінің рецептісі бар. Мәселен, қамырды дайындау үшін ұнға тұз салып, суық су құяды. Жылы су құйса, қамыры іріп кетеді. Қамырды орташа қалыпта илеп алады. Тындырып орап қоюдың қажеті жоқ. Дайындау барысында қиындау болады. Өйткені қатты қамырда жұмсақ қалыпқа келтірудің өзіне көп күш керек. Адамның ебі болуы керек", - деп түсіндірді ол.
Ол өз бетінше үйренгісі келетіндерге сабақтар да дайындап қойған.
"TikTok-та танылғаннан кейін "үйрет" деп жатқандар бар. Онлайн видео сабақтар түсірілген. Курстың құны 5 мың теңге тұрады. Оның ішінде қамырды жасау жолдары, сорпасын дайындау тәсілдері кіреді", - деп түйіндеді Жанарыс әңгімесін.
Болашақта аспаз жігіт Алматы немесе Астана қаласынан дәмханасын ашқысы келеді.
Еске салайық, бұған дейін "Қара бала" деген атпен танылған лағманшы жігітпен сұхбаттасқан едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова