Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы тарихындағы ең маңызды матчін өткізеді. Беларусь құрамасын жеңсе, Ұлттар лигасында жоғары дивизионға көтеріледі. Massaget.kz тілшісі матч алдындағы қызық деректерді дайындады.
Беларусь - алынбайтын қамал
Қазақстан мен Беларусь құрамасы тарихта алты рет кездескен. Әзірше оның біреуінде де жеңіске жете алмадық. Алғаш рет олармен 2010 жылғы әлем чемпионатының іріктеуі аясында Алматыда кездескенбіз. Ол кезде Бернд Шторк жаттықтыратын қазақстандықтар 1:5 есебімен жеңіліп қалған.
Сол жылы командалар екінші рет кездескен. Бұл жолы Беларусьтің Брест қаласында ойнады. Алаң иелері Қазақстанды тағы да аяған жоқ, 4:0 есебімен тас-талқан етті.
2011 жылы командалар Түркияда жолдастық кездесу өткізген. Ол кезде біздің құраманы Мирослав Беранек жаттықтыратын еді. Беларусь ойыншылары пенальтиден гол соғып алға шыққан. Қазақстан тек 90-минутта Сергей Остапенконың көмегімен есепті теңестіре алды - 1:1.
Одан кейінгі кездесуді 9 жыл күттік. 2020 жылы УЕФА Ұлттар лигасы аясында Алматыда Қазақстан мен Беларусь кездесті. Пандемияға байланысты сол кезде матч жанкүйерсіз өткен. Матч қазақстандықтардың бақылауымен өтсе де, ойын соңында қорғаушылар қатесінен кейін Беларусь гол соғып кеткен еді. 2:1 - белорус футболшылары тағы да жеңіп кетті.
Сол 2020 жылы Минскіде командалар қарымта кездесу өткізді. Бұл жолы да Беларусь футболшыларының мерейі үстем болды - 2:0.
Ұлттар лигасының осы маусымында Қазақстан мен Беларусь тағы да бір топқа түсті. Жазда командалар Нови-Садта кездесті. Бұл ойында Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне жақын болған. Абат Айымбетовтің голынан кейін матч соңына дейін қазақстандықтар алда тұрған еді. Бірақ 84-минутта алаң иелері есепті теңестіріп кетті - 1:1.
Осылайша, өзара кездесулердегі нәтижеміз мынадай: екі тең есеп, төрт жеңіліс. Жеңіс жоқ. Осы ойындарда 4 гол соғып, 15 гол жіберіппіз.
Кімнің құрамы қымбат?
Биыл жағдай басқаша. Он жыл бұрынғы футболшылар жоқ, құрам өзгерген. Атақты Transfermarkt порталындағы деректерге сүйенсек, Қазақстанның биылғы құрамы 17,15 миллион еуроға бағаланады. Құрамадағы ең қымбат ойыншыларымыз Ресей Премьер-лигасында ойнайды.
Ең қымбаты ЦСКА жартылай қорғаушысы - Бақтиер Зайнутдинов. Оны сарапшылар 3,5 миллион еуроға бағалаған. Одан кейін "Зенит" қорғаушысы Нұралы Әліп тұр, трансферлік құны - 1,5 миллион еуро.
Бақтиер Зайнутдинов. Фото: ҚФФ
Біздің құрамада шетелде ойнайтын төрт футболшы бар: Зайнутдинов пен Әліптен бөлек, грозныйлық "Ахматта" өнер көрсететін Марат Быстров пен бельгиялық "Моленбек" ойыншысы Ян Вороговский бар.
Ян Вороговский (11-нөмірде). Фото: ҚФФ
Ал Беларусь құрамасында екі ойыншының трансферлік құны миллионнан асады. Оның бірі - команда капитаны Евгений Яблонский. Екіншісі - "Астанада" ойнайтын Макс Эбонг. Екеуі де 1,2 миллион еуроға бағаланған.
Жалпы, Беларусь құрамасында шетелде ойнайтын он футболшы бар екен. Олар Әзербайжан, Грекия, Ресей, Польша чемпионаттарында доп тебеді. Одан бөлек, бізге жақсы таныс "Астана" футболшылары Эбонг пен Денис Поляков, "Мақтааралда" ойнайтын Руслан Юденков бар.
Қазақстанның мүмкіндігі қандай?
Беларусь футболшыларының жағдайы қиындау. Олар С дивизионында қалу үшін күресіп жатыр. Биылғы додада не өзі соқпайды, не қарсыласқа соқтырмайды дегеннің күйін кешіп жүр. Төрт ойында бір гол соғып, төрт гол жіберген.
Оның үстіне, ресми матчтерде қатарынан 11 ойын бойы жеңіске жете алмай келеді. Астанаға қорғаушылар Сергей Политевич, Александр Селява мен Захар Волков, шабуылшы Андрей Соловей келген жоқ.
Фото: ©АБФФ
Ал Қазақстан футболшылары қазір нағыз бабында. Зайнутдинов жарақатынан айығып, Ресей чемпионатында жақсы ойнап жүр. Жазда нағыз қаһарманға айналған Абат Айымбетов те жарақаттарынан құтылып, тұрақты гол соға бастады.
Сондықтан бүгінгі ойында Қазақстан "Астана Арена" алаңынан тек жеңіспен кетуі керек. Оған статистика да, ойыншылардың бабы да сай келіп тұр.
Қандай жағдайда топтан бірінші орынмен шығамыз?
Қазақстан құрамасы бүгін жеңіске жетсе, УЕФА Ұлттар лигасының В дивизионына көтеріледі. Одан бөлек, С дивизионында топ жарған тағы үш командамен бірге ЕУРО-2024 жолдамасына таласады.
Биыл Ұлттар лигасындағы қарқынымыз мықты. Әзербайжанды, кейін екі рет Словакияны жеңдік. Беларусьпен сырт алаңда тең түстік.
Фото: ҚФФ
Енді топта бірінші орын алу үшін Қазақстанға алдағы екі матчте екі ұпай жинау жеткілікті. Бүгін Беларусьті жеңсе, Әзербайжанға алаңдамай баруға болады.
Ал егер бүгін тең есеп тіркелсе, Әзербайжанға қарсы ойында кем дегенде бір ұпай еншілеу керек.
Бүгін жеңіліп қалғанның өзінде топта бірінші орынды сақтап қаламыз, тек соңғы турда Әзербайжан құрамасын жеңу қажет болады.
Тіпті, Беларусьтен де, Әзербайжаннан да жеңіліп қалсақ та, топтан бірінші орынмен шығуға мүмкіндік бар. Ол үшін Словакия құрамасы алдағы екі ойынның бірінде ұпай жоғалтуы керек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!