Бір жылдан бері із-түзсіз кеткен әйелді іздеу жалғасып жатыр

Бір жылдан бері із-түзсіз кеткен әйелді іздеу жалғасып жатыр
Фото: Lider.kz

Lider.kz ұйымының еріктілері полициямен бірлесіп, Қарасай ауданында жоғалып кеткен әйелді бір жылдан аса уақыт бойы іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еріктілер түскен барлық ақпаратты тексере отырып, бірнеше рет белсенді іздестіру шараларын жүргізді. Алайда әйел әлі күнге дейін табылған жоқ. Жоғалған адам туралы ақпарат еріктілердің Instagram-парақшасында жарияланды.

1993 жылы туған Жайна Жеңісбайқызы Аманқылышова 2025 жылғы 8 маусымда жоғалып кеткен. Таңғы сағат 6 шамасында ол Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, 30-орам, "Новостройка" мекенжайындағы үйінен шығып кеткен.

Белгілері: бойы - 175-178 сантиметр, дене бітімі арықша келген, шашы қара, ұзын әрі бұйра.

Үстіне қара футболка мен ақ шалбар киген. Өзімен бірге заттары салынған пакеті мен телефоны болған.

Еріктілер қазақстандықтардан ұқсас әйелдерге назар аударуды сұрайды.

"Бір сәтке тоқтап, мына әйелдің жүзіне мұқият қараңызшы. Біз жарияланған әрбір ақпараттың ізі болатынына сенеміз. Біреу есіне түсіреді, біреу көргенін айтады, енді біреу танып қалуы мүмкін.

Қазір де дәл солай. Келген әрбір жаңа хабар бізге үміт сыйлап, іздеуді жалғастыруға көмектеседі. Осы жазбаны бөлісіңіз. Бәлкім, ол жоғалған әйелдің қазір қайда екенін білетін адамның көзіне түсер", - делінген хабарламада.

Биыл мамырда куәгерлер әйелді Алматыдағы шағын аудандардың бірінен көргенін айтқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget