"Бір жылда 100 мыңға қымбаттады". Алматыда жалдамалы пәтер бағасы қалай өзгерді?

"Бір жылда 100 мыңға қымбаттады". Алматыда жалдамалы пәтер бағасы қалай өзгерді?
Фото: Tengrinews.kz коллажы

Күз басталуымен студенттер Алматыға оралды. Пәтер иелері де әдетте осы уақытта жалға берілетін үй бағасын шарықтатып жібереді. Massaget.kz тілшісі Алматыда тамыздың басы мен қыркүйектің басында пәтер бағасы қалай өзгергенін жазады.

Тамыздың басындағы пәтер бағасы

3 тамызда Krisha.kz сайтына кіріп, үйлердің бағасын бір қарап шықтық. Сарапшылар сол кездің өзінде пәтер жалдау бағасы өсіп жатқанын айтқан еді. 

Мысалы, студенттер көп жиналатын Бостандық ауданында бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы 180-200 мың теңге болған. Тамыздың басында іздегенімізде бір бөлмелі пәтерлерден 150 мыңнан арзан 14 үй ғана болған еді. 

Ал екі бөлмелі пәтерлерге орта есеппен 200 мың теңге сұрап тұрған.

Әрине, үй жағдайы, жөндеуі, жиһаздарына байланысты әр түрлі бағаға табуға болады. 

Қажет десеңіз, 800 мыңға да бар. 

Әуезов ауданында пәтер бағасы сәл арзандау болған. Бір бөлмелі пәтерді орташа есеппен 150 мың теңгеге табуға болады. 

15 үйдің бағасы 100 мыңнан арзан болды. Бірақ жағдайы тым нашар, кейбірінің хабарландыруда суреті қойылмаған.

Ал екі бөлмелі пәтерлердің орташа бағасы тамызда 200 мың теңге болған. Бұл ауданда 120 мыңнан екі пәтерді көрдік - бірі 26 шаршы метр времянка, екіншісі суретсіз хабарландыру. 

Krisha.kz порталының сарапшылары тамыздың екінші аптасында-ақ пәтерлер қымбаттай бастағанын мәлімдеген. Тамыздың екінші аптасында 1-3 бөлмелі пәтерлерді жалдау 15 пайызға қымбаттапты

Тамызда 1 бөлмелі пәтерлерді жалдау бағасы орта есеппен 10 мың теңгеге, екі бөлмелілер 50 мыңға, үш бөлмелілер 60 мың теңгеге қымбаттаған екен.

Қыркүйекте баға қалай өзгерді?

1 қыркүйекте Алматыдағы үйлердің бағасын бір қарап шықтық. Бостандық ауданында бір бөлмелі пәтерлерден 200 мыңнан арзаны аз. 20-ға жуығы бар. Қазір пәтерлер жылдам өтіп жатқанға ұқсайды. 200 мың теңгенің пәтерлерін қарап отырсақ, Krisha.kz сайтында Бостандық ауданындағы бір бөлмелі пәтерлердің орташа бағасы жазылып тұр - 289 мың теңге. 

Ал екі бөлмелі пәтерлерді 200 мың теңгеге табу қиын. Осындай бағадан төмен 7 ғана хабарландыру таптық, олар да осы материал дайындалып жатқан кезде өтіп кеткен шығар. Бостандық ауданында екі бөлмелі пәтерлердің орташа бағасы - 294 мың теңге.

Бүкіл Алматы бойынша жалдамалы пәтерлердің орташа бағасы мынадай:

- 1 бөлме - 209-242 мың теңге;

- 2 бөлме - 300-389 мың теңге.

Бұл - Krisha.kz сайтының хабарландыру кезінде көрсеткен мәліметі.

Қазір магистратурада оқып жатқан Саяжан Алматыдағы Көктем шағынауданында құрбыларымен пәтер жалдап тұрады. Олар тамыздан бастап екі бөлмелі пәтерге айына 300 мың теңге төлейді екен. 

"Былтыр қыздармен бірігіп, жалдамалы пәтер алдық. Ол кезде баға салыстырмалы түрде төмен еді. Шамамен 180-200 мың аралығында болды. Көп іздедік, ақыры екі бөлмелі пәтерді 200 мың теңгеге алдық. Оқуға, қаланың кез келген нүктесіне жақын болған соң басында қуана-қуана келістік. Арада келісімшарт болды, бірақ ешқандай мөрі болмады. Біз де сұрамадық. Сөйтіп, қыста үй иесі барлық студент оқуға қайта келген кезде бағаны 50 мың теңгеге көтеретінін айтты. Амал жоқ, келістік. Енді биыл пәтер ақшасын төлеуге 1 апта қалғанда, тағы 50 мың қосатынын айтты. Осылайша, баға 300 мыңға көтерілді. Сонда бір жылда 100 мыңға өсті", - дейді Саяжан.


©Tengrinews.kz

Риэлтор Рустам Бекметьевтің айтуынша, әдетте пәтер бағасы қысқа қарай арзандауы мүмкін. Онда да 10-15 пайызға ғана екен. 

"Пәтер бағасы қыста, желтоқсан мен қаңтарда арзандауы мүмкін. Себебі күзде пәтер жалға алғандар сол жақта тұра береді. Тиісінше, жалға алатындар саны азаяды, жылжымайтын мүлік нарығында ұсыныс көбейеді, сондықтан ақырындап пәтер бағасы да арзандай бастайды. Бірақ пәтер ақысы қанша пайызға арзандайтынын дәл айту қиын, 10-15 пайызға шығар", - дейді ол.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш