Бір жыл бұрын оқушыны ит талап өлтірді. Ақтөбеде қаңғыбас иттер малға шабуыл жасап жатыр

Бір жыл бұрын оқушыны ит талап өлтірді. Ақтөбеде қаңғыбас иттер малға шабуыл жасап жатыр
Фото: Автордан

Ақтөбенің іргесіндегі Бауырластар ауылының халқы "көресіні қаңғыбас иттерден көріп отырмыз" дейді. Тұрғындар күндіз көшеде еркін жүруден қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Бауырластар ауылының халқы "бұралқы иттер бір күні адам жей ме" деп қауіптенеді. Себебі ауыл ішінде  иттер өріп жүр. Аулаларды тіміскілеп, жалғыз жүрсең тап береді. Бала түгілі үлкендерге шабуыл жасайды. Тіпті қорада тұрған малды талап тастаған. Кеше ауыл тұрғыны Дәулет Әлиевтің қорада тұрған сауын ешкісін бір топ ит талап тастапты.

"Өзім жұмыста едім. Ешкіні иттердің аузынан әйелім ажыратып алған. Былтыр да осы ешкімді талап кетті. Бір күні жеп қоймаса деймін. Иттер аш. Аш болғасын малға, адамға шабады. Қазір балаларымды мектепке өзін жіберуге қорқамын. Кейде жұмыстан кеш шықсам балаларым мектептен қайта алмай мені күтіп тұрады" - дейді ауыл тұрғыны Дәулет.

Ауыл жұртшылығы "көшеде қолымызға таяқ ұстап жүреміз" дейді. Гүлназ Кенжебаева бұралқы иттер құстарын қырып кеткенін айтты.

"Бес-алты ит құстарымды қырып кетті. Үйдің қасындағы қоқысты шашып тастайды. Өткенде көріп қалып айқайлап едім. Өзіме қарсы шапты. Адамнан қаймықпайды. Әсіресе балалар үшін қорқамыз. Қызымды "Батыс-2" ауданындағы мектепке апарамын. Әкесі үйде болса өзі апарып тастады. Мен үйде мүмкіндігі шектеулі баламен отырмын. Күйеуім болмаса балаларды тіпті аулаға жіберуге қорқамын. Балама 6 мың теңгеге ит үркітетін таяқ алып бердім. Сонда да қорқам. Бұл иттерге бір тоқтау болмаса, "Жаман айтпай жақсы жоқ" деген бір күні адам жейді. Қанша бала таланды. Тіпті былтыр бір бала өлді. Бірақ осы мәселе әлі шешілмей келеді", - дейді Гүлназ.

Тұрғындар ит ұстайтын адамдардың ешқандай жауапкершілігі жоқ екенін айтты. Қаңғы иттерден бөлек, иесі бар иттер де көшеде босып жүреді екен.

Тұрғындар "жанайқайымызды айтып жатсақ та ешқандай нәтиже болмай тұр" деді.
Аталған мәселе бойынша облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжановқа хабарластық. Басқарма өкілінің айтуынша, "Жануарларға жауапкершілікпен қарау" заңына сәйкес, оларды өлтіруге тыйым салынған. Сондықтан иттерді аулап, вакцина салып, стрильдеп, күтіп, баптап, қайта босатып жібереді. Бүгінгі күнге дейін 2751 ит ауланып, оның 2650-і қайта босатылыпты. Бұндай иттердің адамға шабуыл жасауы әбден мүмкін екенін де жасырмады. Бірақ заң бойынша оларды өлтіруге қауқарсызбыз деп отыр. Қабаған иттерді тек қамап ұстайды. Қазірі күні осындай 50 итті қамап қойған.

"Ит аулау бойынша алты бригада жұмыс істеп жатыр. "Бауырластар" елді мекеніне бөлінген өзінің бригадасы бар, солар жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласы бойынша қаңғыбас иттерді аулау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта 2023 жылы 224 миллион теңге қаржы бөлінді. Ақтөбе қаласы бойынша 60 миллионы игерілуде. Ақтөбе қаласы бойынша "Ника Ақтөбе" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы келісім шарт негізінде ит ұстау, бағу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы бұл бір ғана "Бауырластар" ауылының мәселесі емес. "Заречный", "Ақжар" ауылдарының тұрғындары да иттерден әбден қорлық көргендерін айтады. Қаланың шет аудандарынан бөлек, қаңғы иттер қаланың қақ ортасында да адамға шабуыл жасап жатыр. Ал Ақтөбеде осыдан бір жыл бұрын оқушыны ит талап өлтірді. Бұл оқиғаны жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Студентті талап, балаларға да шабуыл жасады. Тұрғындар "тиісті орындар осы оқиғалардан сабақ алып, қаңғы иттерге қандайда бір шара қолданбаса, қайғылы оқиғаның тағы қайталанбасына кім кепіл" дейді.


Кәмшат Қопаева

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Қ. Әбілдәқызы