Ұлттық статистика бюросы биылғы қаңтар мен қазан аралығындағы демографиялық ахуал туралы мәлімет жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде қаңтар мен қазан аралығында елге келгендер саны 12 926 адам, елден кеткендер саны 21 875 адам, көші-қон сальдосы 8 949 адам болған", - делінген хабарламада.
Ресми мәліметтер бойынша, негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүреді. ТМД елдерінен келгендердің үлесі - 85 пайыз, кеткендердің үлесі мигранттардың жалпы санының 84,4 пайызы болады.
Ел шегінде қоныс аударатын мигранттар саны 3,2 пайызға артқан: Алматы - 30 388 адам, Астана - 29 086 адам және Шымкент - 2311 адам.
Ұлттық статистика бюросы мәліметі бойынша, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдайға сәйкес республика халқының саны 19 715,2 мың адам болған, оның ішінде қалада 12 169,1 мың (61,7 пайыз), ауылда 7 546,1 мың (38,3 пайыз) адам. 2022 жылдың басымен салыстырғанда халық саны 212 мың адамға немесе 1,1 пайызға өскен.
"Биыл қаңтар-қазан айларында дүниеге келгендер саны 333,1 мың адам болды. Бұл былтырмен салыстырғанда 11,4 пайызға аз, яғни 375,9 мың адам. 1000 адамға шаққандағы туудың жалпы коэффициенті 20,37 болып отыр", - делінген хабарламада.
Ал қайтыс болғандар саны 112,1 мың адам болған, былтырға қарағанда 27 пайызға аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті - 1000 адамға шаққанда 6,86.
Биылғы қаңтар мен қазан аралығында республикада бір жасқа дейінгі 2 684 сәби қайтыс болды. Былтырмен салыстырғанда нәресте өлімі 11,1 пайызға төмендеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!