Атырау облысында бір ғана оқушысы қалған Кенбай ауылындағы мектеп жабылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі azh.kz-ке сілтеме жасап.
37 жыл бұрын салынған мектеп ең шалғай Сағыз округінде, облыс орталығынан 128 шақырым жерде орналасқан. Бұрын мұнда 6 мұғалім жұмыс істеп, 1 оқушы оқыса, ауылдың қалған балалары мектеп жасына әлі кішкентай болған.
"Былтыр 2 оқушы оқып шықты. Ал биыл бір оқушы қалғандықтан, облыстық білім басқармасының шешімімен мектеп жабылды. Ол оқушы Кенбайдан 60 шақырым жердегі Жамансор ауылындағы бастауыш мектепте оқуын жалғастырады. Бос қалған мұғалімдерге Жамансордан және Сағыз ауылындағы мектептерден жұмыс ұсындық, бірақ олардың кейбірі қалаға кетуді жөн санапты. Мектептің жабылу құжатын толық рәсімдеген соң ғимаратын Сағыз округінің балансына бермекпіз", - дейді Қызылқоға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайруз Анжанова.
Бөлім басшысының айтуынша, биыл аудан бойынша 15 орта, 3 бастауыш мектепке 6354 оқушы барған. Ауданда күрделі күйде тұрған тағы бір мектеп Тасқұдық ауылында орналасқан. 20 балаға арналған мектепте 9 оқушы ғана оқиды. Есесіне Жамансор ауылындағы 60 балалық бастауыш мектепке оқушылар толық барған. Ауыл адамдарының сұранысына орай мұнда замануи талапқа сай 80 орындық мектептің құрылысын салу үшін сметалық құжаты жасақталып, сараптамадан өткізіліп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!