- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бір ерге таласпай...
"Бір ерге таласпай өмір өткізген". Ертеде қазақтар не үшін тоқал алған?
Қоғамда тоқал алу мәселесі қай кезде де қызу талқыға түсіп жатады. Бірі бұл "еріккеннің ермегі" деп түсінсе, енді бірі расында қажет салт деп санайды. Ертеде қазақ халқы тоқал алуды қалай түсінген? Тоқалға қандай жағдай жасалған? Бұл туралы Massaget.kz тілшісі этнограф маман Болат Бопайұлынан сұрады.
Ең алдымен, этнограф Болат Бопайұлы ертеде қазақ халқы тоқалды не үшін алғанын түсіндіріп берді.
"Бағзы заманда қазақ халқында тоқал алу деген салт та, дәстүр де болмаған. Бірақ, бай адамдар бірінші әйел алып, ол әйелі бала көтермей, ұзақ уақыт өткеннен кейін ұрпақсыз кетпеу үшін бәйбішесінің разылығын және үлкен қариялардың ақ батасын, рұқсатын алып, тоқал алатын болған. Тоқал алғаннан кейін екі әйелге тең қараған. Кейде сондай жағдайдан кейін бала көтере алмай жүрген бәйбішесі де бала көтеріп, қуаныш үстіне қуаныш қосылған", - дейді маман.
Фото: Дудин.С.М
Ал бала көтермеген жағдайда тоқалдан туған баланың қос анасы ретінде ұрпақты көз қарашығындай қорғап әдеппен, өнегелі ұрпақ етіп өсірген екен.
"Екі әйел бір ерге таласпай, өздерінің бәйбішелік және тоқалдық орнын жақсы біліп, құрдас, сырластай болып, бірі от жақса, бірі қазан асып, бірі мал сауса, бірі бала бағып жарасымды өмір өткізген", - деп түсіндірді Болат Бопайұлы.
Этнограф тоқалға қандай жағдай жасалғанын айтып берді. Оның сөзінше, тоқалға тек ері емес, бәйбіше де оң қабақ танытып қараған.
"Қазақта "Екі сиыр сауғанның айраны үйінде, екі қатын алғанның ойраны үйінде" деген мақал бар. Төбелес пен ұрыс, жанжал қайдан шығады? Бәрі тең қарамаудан, бірін жақсы, бірін жаман көруден туады. Ал бәйбіше мен тоқалға тең қараса, бірінен бірін кем көрмесе, бірдей сүйіспеншілікпен қараса, тоқалдан да бәйбішеден де әңгіме шықпайды. Қазақта "Бұрын келген қоныс алады, кейін келген өріс алады" деген сөз бар. Бұрын түскен бәйбіше кейін келген тоқалға оң қабақ танытып, оны өзінің құрдасындай сырласып өтсе, ол шаңырақта береке мен құт тұрады. Ал күндесіп, өкпелесіп, өсектесіп, алысып, арпалысып өтсе, онда кең сарайға да сыймайды. Ол үйде береке де қалмайды", - дейді маман.
Фото: Дудин С.М. 1899 жыл
Болат Бопайұлының сөзінше, тоқал кіші болған соң бәйбішеден төмен тұруы керек. Өзіне тән әдеп пен отбасы тәртібін сақтауы тиіс. Бәйбіше есіктен шыққанда тоқал тесіктен шығып, "а", десе, "мә" деп тұрса, ол үйде еш мән-мағына болмайды.
"Бәйбіше - үйдің қорғаны, тоқал үйдің қормалына айналуы керек. Бұл көпті көрген бәйбіше, кейін келген тоқалға оң қабақ танытып, қозысын ерткен қойдай жарасым тапса, ол үйдің бақыт шамы маздап жанып, түтіні түзу ұшады. Шаңырағы шайқалмай отбасында ұлағатты ұрпақ өседі. Ал бәйбіше мен тоқал қызыл шұбар айдаһар, қара шұбар жолбарыстай айқасып береке кетірсе, ол үйде құт болмайды. Күнде төріне жұт түнейді. Ұрпақтан маза кетеді, ерден қасиет кетеді. Әйелдің тілін таппасаң, әлемнің тілін таппайсың. Әйел әдемі болмай, әлем әдемі болмайды. Бәйбіше әдемі болмай тоқал әдемі болмайды. Ер арыстандай болмай әйелді ұстай алмайды. Бір ер үшін екі әйелді ұстау - екі әлемді ұстаумен бірдей. Сондықтан әлің келмеген іске әлек болма. Өзіңе сенсең, сенген ісіңді атқара алсаң, екі емес үш одан да көп әйел алсаң да бір шаңырағыңды гүлдей етіп ұстап берер әйел заты табылады", - дейді маман.
Болат Бопайұлы тоқал алу ешқандай да дәстүр емес екенін баса айтты.
"Тоқал алу дәстүр емес. Біз мынаны білуміз керек. Дәстүр - ол бір халықтың ұзақ ғасырлар бойы тәжірибеден өтіп, орныққан, көп адамға ортақ атқарылатын ерекше тәрбиелік маңызы бар әрекеттер. Ал тоқал алу ол ішінаралық үйленудің бір сирек кездесетін түрі. Сондықтан тоқал алу - дәстүр емес", - дейді этнограф.
Фото: Мелков А.Л. Молодушки Қазақстан, Семей облысы, 1927 жыл
Маманның айтуынша, бүгінде тоқал алып, ал оған қатысты шарттарды орындап жатқандар аз.
"Себебі заман жаңа, ел жаңа. Қазіргі жас келіншектер үстіне тоқал алуды ұнатпайды. Тоқал алған түні ажырасып кетеді. Оның үстіне, қос әйелді ұршықтай үйіріп, бағындырып алып кеткенге жігіттің қауқары жетпейді. Ал материалдық жағдайы жақсы болған күннің өзінде екі әйелді бағындырып, берекемен басын қосып бір жерде ұстауға дәрменсіз. Былай тартса, өгіз өледі, ары тартса, арба сынады. (...) Тоқал алу үшін бәйбішеден рұқсат, үлкендерден бата алу керек. Сосын бәйбіше рұқсат берсе тоқал келген соң оны досындай, сырласындай шын разылықпен қабылдауы тиіс. Ал екі әйел алған еркек екеуіне тең қаруы тиіс. Ондай қолынан келмесе, сезіммен мақтан үшін тоқал алам деп әуреге түсудің түкке де қажеті жоқ. Үйлену оңай, үй болу қиын екенін естен шығармаған жөн", - деп түйіндеді этнограф.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина