Нигерияның солтүстік-батысында түн ортасында мектеп өртеніп, шырт ұйқыда жатқан 17 оқушы тірідей өртеніп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Мәліметке сүйенсек, қайғылы оқиға Замфара штатының Каура Намода ауданында болған. Денесін күйік шалған тағы 20-ға жуық бала ауруханаға жеткізілді.
"Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз. Елдің Төтенше жағдайлар агенттігі тергеуді бастады", - деп жазылған мәліметте.
Нигерия президенті Бола Тинубу қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтқан. Өрт кезінде мектепте 100-ге жуық бала болған.
"Түнгі 2-де қалың ұйқыда жатқанда есікті біреу қағып, "Өрт, өрт!" деп айғайлағанынан шошып ояндым. Жалма-жан тұрып, далаға атып шықтық. Мектептің төбесі өртке оранған екен. Адамдар іштегілерді құтқарып жатты", - деген мұғалім Халифа Абубакар.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова