"Бір-екі олигархтың баюына мүмкіндік жасап берді": утильалым Қазақстанға керек пе?

Бүгінде қазақстандықтар арасында утильалым мәселесі қызу талқыға түсіп отыр. Кейбіреулер оның алып тасталуын талап етсе, енді бір топ "әлем елдерінде бар тәжірибе бізде де болуы керек" деген пікірде. Тіпті бұл тақырыпқа қатысты петиция да жарияланған. Massaget.kz тілшісі мәселеге шолу жасап көрді.

  • Министрлік қандай пікір білдірді?

Утильалым 2016 жылы енгізілген болатын. Содан бері түрлі даулы пікірлер айтылып жүр. Жуырда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утильалымға қатысты мәлімдеме жасады.

Утильалым мен бастапқы тіркеу - көліктердің импорты мен пайдаланылуын реттеуге бағытталған шаралар кешенінің бір бөлігі. Утильалымға көліктің қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін тексеру шаралары да кіреді. 

Тиісті министрлік отандық көлік паркі жаңаруына утильалым мен бастапқы тіркеу алымын төлеу айтарлықтай әсер етіп отырғанын мәлімдеді. Ведомство дерегінше, 10 жылдан асқан көліктердің саны азайып, "жасы" 3 жылдан аз көліктердің үлесі артқан. Министрлік бұл фактор қайғылы оқиғалар азаюына да әсер етті деген пікірде. Мәселен, 2023 жылғы қарашада 13,2 мың тіркелген, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға төмен.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанға 350 мыңнан аса ескі көлік әкелінген, бірақ отандық автомобиль өнеркәсібіндегі өндіріс көрсеткіші 20 пайызға өскен, ал сатылым 40 пайыздан асқан. 

depositphotos.com

  • Сенаторлар қандай пікірде?

Бұған дейін сенатор Әли Бектаев ауыл шаруашылығы техникасына утильалымды жоюды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстанда шаруалар пайдаланып жүрген ауыл шаруашылығы техникасының 76 пайызының тозығы жеткен. Әли Бектаев жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін утильалымның құны жоғары екенін, бұл шаруалардың жаңа техниканы сатып ала алмауына, ескірген тракторлар мен комбайндарды пайдалануына әкеп соғатынын, осылайша ескі техниканы үнемі жөндеуге мәжбүр екенін жеткізді. 

"2024 жылғы жағдай бойынша утильалымының көлемі бір трактор үшін 370 мың теңгеден 7 миллион 380 мың теңгеге дейін, ал бір комбайн үшін 1 миллион 600 мың теңге - 8 миллион 300 мың теңге аралығында. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды. Жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады, ал қалған қаңқасын металлоломға өткізіп күн көреді. Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып, жойып жатқан да шаруалардың да өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған "Жасыл даму" мекемесінің үлесі неде? Жалпы ауылшаруашылы техникалары үшін кәдеге жарату алымын алып тастаса, мемлекет ұтпаса, ұтылмайды деп ойлаймыз", - деді сенатор.

depositphotos.com

Ал Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров елімізде утильалым мөлшерін азайтуды ұсынды. Оның айтуынша, депутаттарға кедендік алымдар, кәдеге жарату төлемдерінің мөлшері мен импорт автомобильдерді тіркеу туралы азаматтардың өтініштері үнемі келіп тұрады.

"Қозғалтқыш көлемі 2 мың текше сантиметрге дейінгі, шыққанына 3 жылдан аспаған автомобильдер үшін кәдеге жарату алымының мөлшерін 150 мың теңгеден аспайтындай етіп қайта қарауды сұраймын. Кедендік бажды есептеу кезінде кедендік торды азайту жағына қарай қайта қарау керек. Қазір көліктердің көпшілігі, әсіресе, Қытайдан Қазақстанға Қырғыз Республикасы арқылы әкелінетін фактілер бар. Себебі автокөлік иелері ҚҚС пен бажды біздің мемлекетімізге қарағанда бірнеше есе аз төлейді. Шығарылған жылын қоса алғанда, 5 жылға дейін көліктерді мемлекеттік тіркегені үшін алым мөлшерлемесін 0,25 АЕК (923 теңге, 1 АЕК – 3692 теңге) көлемінде қарастыруды ұсынамын. Бұл ұсыныстар Қазақстан азаматтарына көліктерін жаңартуға мүмкіндік береді деп сенеміз", - деді депутат.

  • Шарлапаев қандай пікір білдірді?

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бұған дейін елімізде утилизациялық алымға қатысты өзгеріс болмайтынын айтты. Министр елімізде көлік өндірісінің дамуына жағдай жасалып жатқанын, сондықтан утильалымды төмендету мәселесі қаралмайтынын мәлімдеді.

"Қазір утилизациялық алымға қатысты ешқандай өзгеріс жасамаймыз. ...Бүгінде Қазақстанда 2 көлік зауытын салып жатырмыз. Көлік өндірісі саласында қаншама адам жұмыс істейді. Қазіргі текетірес неге байланысты? 2025 жылдың ортасында KIA көліктерін шығаратын зауытты салып аяқтаймыз. Алматы қаласының маңында қуаты 90 мың көлік өндіруге жететін тағы бір зауытты салып жатырмыз. Ондағы жұмыс орындарын кім сақтайды? Мен депутаттарға осы сұрақты қойғанмын. Сіз көліктің бағасын басқа елдермен салыстырыңызшы. Түркияда және тағы басқа елдерде көліктің бағасы (Қазақстамен салыстырғарғанда - еск.) жоғары немесе тең. Сондықтан Қазақстандағы зауыттардың жұмысын қамтамасыз ету үшін және жаңа жұмыс орындарының сақталуы үшін біз протекционизм жасауымыз керек деп ойлаймын", - деді ол.

depositphotos.com / ChiccoDodiFC

  • Утильалымға қарсы петицияны 50 мыңнан аса адам қолдаған

Утильалымға қарсы петицияны қолдағандар саны 50 мыңнан асып кеткен. Қоғамда да бұл алым түріне қатысты наразылық көбейген. Осылайша, 50 000 қол жинаған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданған болатын.

"Келіп түскен өтініш оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралады. Петицияны қарау барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комиссияның жұмысын ұйымдастырады, оған мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Петицияда көтерілетін мәселелер осы комиссия шеңберінде, заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады", - деп жазылған еді бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарламасында.

  • Сарапшылар пікірі қандай?

Экономист Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, утильалымға қатысты мәселе көп болса да, бұл - қажет нәрсе.

"Утильалым деген сөзді қазақтар кәдеге жарату деп аударды. Яғни ескі көліктерді утилизациялау дейді, қазақ тілінде кәдеге жарату. Ескі көліктердің ішіндегі бөлшектерін алу, оларды металлоломға тапсыру мәселесін "утильалым" дейді. Себебі кеңес дәуірінде экологияны бұзып, кез келген жерде ескі-құсқы нәрселер жата беруші еді. Дамыған мемлекеттерде ескі көліктерді бір жерге жинап алады да, оларды өңдеп, өндіріске керек нәрселер шығарады. Мұны утильалымның ақшасына істейді. Утильалым керек. Біз сияқты өзінің көлік өндірісін енді дамытып жатқан мемлекеттер үшін утильалымның төлем мөлшерлемесі біздегі ішкі өндірісті қолдауға, оны қорғауға жөнелтілуі мүмкін. Сондықтан бізде бастапқы кезде сәл келеңсіз болды, өте үлкен сома қойып қойды. Еуропа елдерінде утильалым 300, 500 доллар шамасында болады. Бізде 2000 доллардан асырып жіберген кездері болды. Сондықтан халықта наразылық туған", - дейді ол.

Сарапшы "утильалымның мөлшерін халықпен, депутаттармен, қоғамдық кеңестіктер, автомобиль өндіруші қоғамдық қауымдастықтармен келісіп, Еуропа мемлекеттеріндегідей қою керек еді" деген пікірде.

"Бізде соңғы жылдары утильалыммен шұғылданатындар ақшаны жинап, қай жаққа жібергенін ешкім білмеді, содан нарызылық туды. Бірақ, әрине, утильалым керек. Бүкіл жер жүзінде болғаннан кейін бізде де болуы заңды нәрсе сияқты, ережеге тура келеді.

Ескі Қазақстан дейміз, ескісі де, жаңасы да Қазақстан. Алдыңғы әкімшілік утильалымды (утильалым арқылы - еск.) бір-екі олигархтардың баюына мүмкіндік жасап берді. Сол халықтың наразылығын туғызды. Мұны тоқтату керек еді. Утильалымды екі есе төмендетті, бірақ әлі де халық жоғары деп есептейді. Сондықтан оны қарастыру керек", - деді экономист.

Сонымен қатар, маман халықтың наразылығын туғызып отырған бірқатар мәселені түсіндірді.

"Бізде бірінші тіркеу деген төлем бар, қосымша құн салығы деген төлем бар, кеден төлемдері деген төлемдер бар. Солардың бәрі қосылады да өте үлкен сома болып кетеді. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде болғанымыз үшін кеден төлемдері бүтін бес республикаға бөлінеді, сондықтан оны жоқ қыла алмаймыз. Қосымша құн салығы ішкі өндірісті қолдау үшін керек. Бірінші тіркеуге алу - кез келген мемлекеттерде қымбат нәрсе алатын адамдардан төлемдер алынуы. Оның ешқандай оғаштығы жоқ. Бірақ мәселе оның мөлшерлемесінде, неге біздегі олигархтар өте көп қояды да, халықты қинайды?! Осы - мәселе", - дейді ол.

Утильалым мәселесі сөз болғанда Ескі Қазақстан, Назарбаевтар әулеті жиі айтылады. "Байтақ жасылдар" партиясының төрағасы, саясаткер Азаматхан Әміртаев бұған дейін Ashyq Podcast YouTube жобасында РОП-тың іс-әрекетін әшкерелеген еді.

"РОП мекемесі утильалымды дұрыс жинамағаны жайында ең бірінші болып қарсы шыққан - біз. 2019 жылы Тоқаев Президент болған кезде қабылдауында болып, РОП туралы барлық ақпаратты бердім. Президент сол кезде қатты ашуланды, бірден тапсырмалар берді. Толық ақпарат бердім. Қанша ақшаны өздеріне қалдырады, қалай қалдырады - барлық цифрды әкелдім. Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның басқарып отырған мекемесінің жағдайын, ұрлығының бәрін көріп, Президентке ашық түрде жеткіздім. Президент 2022 жылы РОП-ты жапты ғой, жоқ қылды. Утильалымның бағасын төмендетті, әлі де төмендетеді", -  деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз