Павлодар облысында Aqtogai Milk ЖШС-да алты жұмысшының қазасына әкеп соққан топтық жазатайым оқиғаға байланысты арнайы тексеріс аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, тексеріс барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығында күкіртсутегінен уланғаны анықталған.
"Оған көмекке ұмтылған басқа жұмысшылар да құдыққа кезекпен түскен. Салдарынан бір-бірін құтқаруға тырысқан алты жұмысшы күкіртсутегінің әсерінен қаза тапты. Комиссия жұмысшылар қауіпті жұмыстарды орындау бойынша тиісті оқудан өтпегенін және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмегенін анықтады", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде, соның ішінде апат жағдайы туындаған және құтқару жұмыстары жүргізілген кезде қауіпсіздік сақталмаған.
"Үкіметтік комиссияның қорытындысы бойынша жұмыс беруші, яғни Aqtogai Milk ЖШС-ның кінә дәрежесі 100 пайыз деп белгіленді. Арнайы тексеріс нәтижесінде жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайы айқындалып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді", - деді министрлік өкілдері.
Еске салайық, Павлодар облысы Жоламан ауылында орналасқан сүт фермасындағы төтенше жағдай 20 шілдеде болған еді. Aktogai Milk ЖШС аумағында алты адам, соның ішінде 17 жастағы жасөспірім қаза тапты. Зардап шеккен тағы бір адам ауруханаға жатқызылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!