"Бір-бірімен туыс, жұмыссыз". Екі жігіт ұйықтап жатқан отбасының үйіне кіріп, атыс шығарған

"Бір-бірімен туыс, жұмыссыз". Екі жігіт ұйықтап жатқан отбасының үйіне кіріп, атыс шығарған
Фото: polisia.kz

Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов Келес ауданында түнгі уақытта өзгенің тұрғын үйіне кіріп, қарақшылық шабуыл жасаған туыс жігіттер ұсталғанын жеткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиғаны толығырақ айтар болсақ, Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, қарақшылық шабуылдың құрбаны болғаны жөнінде хабарлама түсірген. Қарақшылар жәбірленушілерді қарумен қорқытып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Жәбірленушінің айтуынша, үйіне белгісіз екі ер адам кірген. Осы сәтте диванда ұйықтап жатқан үй иесі оянып кетіп, олардан кім екенін сұрай бастайды. Алайда күдіктінің бірі оның аузын жауып, дауыс шығармауы үшін әрекет етеді. Осы сәтте үй иесінің әйелі оянып кетіп, күйеуіне төніп тұрған күдіктіге жармасады. Осындай арпалыс кезінде күдіктілердің бірі қолындағы пневматикалық қарумен оқ атып, үйден қашып кетеді. Нәтижесінде үй иесі жарақат алды.

"Түнгі сағат 02:00 шамасында шырт ұйқыда жатқан отбасының тыныштығын бұзып, қарумен қылмыс жасаған күдіктілерді ұстауға тез арада Криминалдық полиция басқармасы мен Келес ауданының тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Олар күдіктілерді анықтауға бағытталған іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізді. Аулаларды аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Көрген-білгендерден сұрастырды", - делінген хабарламада.

Нәтижесінде жедел уәкілдер күдікті екі ер адамның жеке басын анықтаған. Жинақталған ақпарат көздері арқылы одан әрі іздестіру жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары күдіктілерді тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Аталған келестік тұрғындар бір-біріне туыс, жұмыссыз жігіттер болып шықты. Олар полиция бөліміне жеткізілді. Тінту кезінде олардан айғақты зат ретінде пневматикалық қару тәркіленді.

Қазіргі уақытта бұл жайт ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігі ("Қарақшылық") бойынша тіркеліп, соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталатыны хабарланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш