“Бір “Барни“ үшін“: желіде әйел тұрмыстық жанжалдан кейін өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады

“Бір “Барни“ үшін“: желіде әйел тұрмыстық жанжалдан кейін өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады
Фото: Tengrinews.kz

Жамбыл облысы Мерке ауылында әйел өз-өзіне қол жұмсап, артында сегіз айлық сәбиі қалғаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде жарияланған мәліметке сүйенсек, қайғылы жағдайдан аз уақыт бұрын әйел құрбысымен хат алмасып, күйеуімен арадағы жанжал туралы айтып берген. Оның сөзінше, жолдасы баласына әкелген "Барни" тәттісін жегені үшін ұрып-соққан.

Әйел соңғы хаттарында ажырасуға ниетті екенін айтып, құрбысынан ақша сұраған.

Жамбыл облысы Полиция департаменті редакцияға берген жауабында бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, не соған ықпал ету) бойынша соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

"Қазір мән-жайды жан-жақты, толық анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр", - деді полиция.

ІІМ өкілдері ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпаратты жария етпеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget