- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бір баланы қыдыртуға...
Бір баланы қыдыртуға кемі 10 мың теңге. Орталық саябақтағы баға өршіп тұр
Жазғы демалыста бала-шағасын жетектеп саябақта серуендеп жүретін ата-аналар көбейеді. Балалардың да аттриакциондарға аңсары ауып тұратыны белгілі. Алайда қазір ойын-сауық орталықтарындағы баға өршіп тұр. Орталық саябақтағы бағаны Massaget.kz тілшісі бақылап көрді.
Асылша Маткеримова екі қызымен орталық саябаққа демалуға келген. Алайда балаларын толық қыдырта алмапты. "Аттракциондардағы баға шарықтап тұр" деген ол екі қызымды қыдыртуға жиырма мың теңге жұмсадым деп қынжылды.
"Бағалардың бәрі удай. Былтыр 1000 теңге болған нәрселер, биыл 2000 теңге болып кеткен. Қыздарымның ішетін сусыны бар, "балмұздақ әпер" дейді, ал олардың бағасы кем дегенде 500 теңгеден басталады. Сондықтан барлығын сырттан алып кірген дұрыс деп ойлаймын. Баланың көңілін қимай амалсыз алып береміз" дейді ол.
Ананың айтқан сөзінен кейін саябақ ішіндегі бағаны бақылап көрдік. Бір қызығы Орталық саябақтың ресми сайтында көрсетілген баға шындыққа жанаспайды. Мысалы ресми ақпаратта 3-7 жас аралығындағы балаларға арналған "пират" әткеншегі 500 теңге делінген. Ал парктегі жауапты қыздан сұрағанымызда: Кім келсе де сол баға, - деп қысқа қайырды. Яғни жас ерекшелігіне қарай баға өзгермейді.
Балалар асыр салып ойнайтын "батуттың" да бағаларында да алшақтық бар. Мәселен кішкентай батуттың бағасы бір балаға жиырма минут үшін 1000 теңге болса, үлкені үшін 2000-2500 теңге сұрайды.
Күн ыстықта балаңыздың дегбірі қашып, өзіңіздің де аңқаңыз кебетіні түсінікті. Орталық саябақтағы "Макси чай" сусынының бағасы сатушының көңіл күйіне қарай құбылып тұратын секілді. Кейбір жерлерде 650-850 теңге тұрса, енді бірі 600-900 деп жауап береді. Ал балмұздақтың бағасы 600 теңгеден бастап 1500 теңгеге дейін кете береді. Қуырылған чипсы 500 теңге, құйылмалы сусын 600-1000 теңге, мақта 500 теңге тұрады.
Паркке келген бала көрсеқызарлықпен түрлі шар мен ойыншықтарға қызығатыны тағы бар. "Бал ұстаған бармағын жалайды" демекші саудагерлер бәрінен пайда көруге құмар. Мәселен, көше ойыншықтары 500-3500 теңге аралығында болса, ал арнайы дүкен сөрелеріндегі жұмсақ ойыншықтар 2500 теңгеден басталып 10 мыңға дейін барады. Ал шарлардың бағасы 1000-1500 теңгенің айналасында.
Орталық саябақтағы аттриакциондардың бағасы қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей жағдайда емес. Бірнешеуін атап өтейік. Экстремалды ұшу - 1000 теңге, жұлдызды соғыс - 990 теңге, айналмалы дөңгелек - 990 теңге, Кім мерген - 1000 теңге, Күлкі бөлмесі - 500 теңге, қорқыныш бөлмесі 800 теңгеге бағаланған.
Саябақтағы ең қымбат ойын-сауық орталықтарының бірі "Аква парк". Таңертеңгі 11:00-ден бастап, кешкі 21:00-ге дейін бір адамға 7500 теңге. Ал хайуанаттар паркіне кіру үшін, балаңыз он екіге толмаса 300 теңге, сол жастан асса 800 теңге төлеуге тура келеді.
Ал катамаранмен су үстінде серуендегіңіз келсе жарты сағатқа 4400 теңге төлейсіз.
Аттриакциондардың бағасына қарасаң қымбатшылық қаладағы демалыс саябақтарын айналып өтпегенін байқайсың.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов