Көкшетауда жуырда диплом алып, мұғалім болуды армандап жүрген колледж оқушысы өзіне қол салды. Емтиханнан үштік баға алған қыз анасына жазған хатында "ұстаздар әділетсіздік қылды" деген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Марқұм Аяулым жақсы оқуға тырысқанын айтып, білімінің лайық бағаланбағанына күйінген. Ал колледжд оқытушылары ағылшын тілінен емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік бердік деп отыр.
Марқұмның ата-анасы мен туған-туысы қызының мұндай әрекетке барғанына сене алар емес. Ағасының 16 жыл күткен сәбиінің тойында ән айтуға көйлегін де дайындап қойыпты. Анасы емтиханға кеткен қызы хабарласып, үш алғанын айтып жылаған. Аяулым сол күні қала іргесіндегі үйіне келіп, қорада өзіне қол салған.
"Жауап берсін, менің балапанымды осындайға жеткізгені үшін. Өз-өзіне қол салып, не сұмдық соншама ... Бір бағаны аяды ма екен, бір бағаны. Соншама менің қызымды жек көретіндей не болды? Қалдырмаймыз, арыз жазамыз", - дейді марқұмның анасы Айгүл Ахметжанова.
Марқұмның туыстары 18 жастағы қыздың өліміне колледж ұстаздарын кінәлап отыр. Бұған себеп – Аяулымның соңғы хаты. Онда марқұм ата-анасының үмітін ақтай алмағанын, ұстаздары білімін әділ бағаламағанын жазыпты.
"Бұл олай емес. Емтихан белгіленген уақытында өтті. Олар жауаптарын электрон түрде жібереді. 12 емес, 8 балл алды. Иә, 3 алғанына ренжіді, бірақ қайта тапсыруға келістік. Қайта тапсыруға келгенде тақырып сол, бірақ тест басқа екенін көріп бас тартты. Ал костюмін шешкісі келмеді, ішінде майка ғана екен. Оған "жарайды" дедім", - дейді колледж оқытушысы Динара Жүсіпова.
Аяулым үш алғаны үшін өзіне қол салатынын қасындағы құрбылары да сезбеген. Оның "Ағылшын тілін жетік меңгеріп, шетелде жұмыс істеймін" деген арманы болыпты. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
"Өлімге итермелеу" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қайғылы жағдай Красный яр кентінде болған. 18 жастағы қыз өзіне қол салған. Барлық жағдай жан-жақты тергеліп жатыр", - дейді Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі Әсем Әбдірахманова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!