- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бір аяғы сыртта...
"Бір аяғы сыртта қалып қойған". Теміртауда ер адам полицейді көлікпен сүйреп кеткен
Теміртауда мас күйдегі жүргізуші полиция қызметкерін 200 метрге сүйреп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 11 ақпанда түнгі сағат 00.35 шамасында болған. Теміртау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Бейбітшілік даңғылының бойында қызметтік көліктің арнайы дауыс шығарғыш құралы арқылы 31 жастағы ер адам басқаруындағы жеңіл автокөлікті тоқтатқан. Полиция қызметкерлерінің көліктің құжаттарын беру талабына жүргізуші құжат жоғын айтқан. Әңгіме барысында тәртіп сақшылары жүргізушіден ішімдіктің иісін сезіп, көліктен түсуін талап еткен.
Сол мезетте жүргізуші көліктің есігін жаппай, оқиға орнынан қашпақ болып жүріп кеткен. Тәртіп сақшыларының бірі бірден көлік салонына секіріп мінгенде, бір аяғы сыртта қалып қойған. Ал жүргізуші тәртіп сақшысын 200 метр сүйреп, жол жиегіне шығып кетіп тоқтады.
Полиция қызметкерлері жүргізушіні сыртқа алып шығып, қоян-қолтық әдісімен жерге жатқызған. Кейін жүргізуші наркология орталығына жеткізіліп, оның орта дәрежеде ішімдік ішкен күйде болғаны анықталды.
Жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608, 613 және 667-бабына сәйкес хаттамалар толтырылды. Соттың шешімімен 31 жастағы ер адам құқық бұзғаны үшін 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина