- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жантүршігерлік жайт
Бір аяғы мен башпайы кесілді: 15 жастағы қызды тепловоз қағып кетті
Бұл қайғылы оқиға 2024 жылғы 27 қыркүйекте түстен кейін болған. 15 жастағы Аруна үйден қалаға апаратын жолмен келе жатқанда тепловоз астына түскен. Бұл туралы қыздың анасы Әсия Түкжанова айтып берді. Арунаның оң аяғы мен сол жақ бас бармағы кесілген. Оған үш күрделі ота жасалды, ол әлі ауруханада жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға күні не болды?
Қыздың анасы Әсия Түкжанова бұл туралы "Мой город" басылымына айтып берді.
"Қызымды тепловоз қағып кеткенін естігенде мен жұмыста едім. Бірден қызыма жүгірдім, оны көргенде "Аруна" деп айқайлай бастадым. Ол "анашым" деп жауап берді. Жағдайы тым ауыр деп ойладым. Қызым аяғына қарамауымды өтінді. Жақын жерде фельдшер көмек көрсетіп жатты. Аруна рельстен аяғын көтеріп, үстін күртешемен жапқан. Бәрін өз көзімен көрген", - дейді әйел жылап.
Қазір дәрігерлер қызды ауруханадан шығаруға дайындалып жатыр, бірақ оған үйіне қайтуға болмайды. Үйде пойыздың гүрілдеген дауысы естіледі, оған қоса, жағдай жасалмаған. Отбасы әкесінің анасына тиесілі үйде тұрады. Олардың жеке баспанасы жоқ. Олар үш жыл бұрын ауылдан көшіп келген. Асия теміржол ауруханасында лаборант болып жұмыс істейді, ал күйеуі - қарапайым жұмысшы. Олардың Арунадан бөлек 11 жастағы ұлы бар, ол да №26 орта мектепте оқиды.
Қыздың жағдайы қалай?
"Дәрігерлер қызымды ауруханадан шығарып жатыр, бірақ ол үйге қайтқысы келмейді. Мұнда сағат сайын жүріп жатқан пойыздардың гуілі естіледі, жағдай жасалмаған. Дәретхана сыртта, жуынатын жері жоқ. Біз жалдамалы пәтер іздеп жатырмыз, бірақ оны бұл ауданда таба алмай жатырмыз. Аруна басқа мектепке ауысқысы келмейді, ол ұстаздарына бауыр басып қалды. Ол психологиялық жарақат алды. Жаңадан жүріп үйренуі, өмір сүруі керек. Енді мектепке бара алмайды. Оған бейімделу қиын. Аяқсыз тепе-теңдікті ұстауды үйренген жоқ. Кейде қатты жынданып кетеді, қатты ауырып жатады. Дәрігерлер бұл жағдайды қабылдамайынша ауыра беретінін айтты. Мен оған қолайлы жағдай жасау үшін бесінші қабатқа дейін арқалап жүруге дайынмын", - дейді Асия.
Әйел қызының ҰБТ тапсыру үшін биология мен химияны таңдағанын, дәрігер болуды армандағанын айтты. Ал қазір Аруна тіпті ақ халаттылардан қорқады.
"Біз оған аман қалғаныңа шүкір дейміз. Ал ол өлгісі келмейтінін, бірақ қалай өмір сүру керегін білмейтінін айтады. Біз оған протез киетін адам көп екенін айтып, жұбатамыз. Бірақ оған дейін әлі ұзақ реабилитациядан өтуіміз керек", - дейді әйел көзіне жас алып.
Бұл шаңыраққа журналистерден бөлек №26 мектеп басшылығы, оқушылардың ата-аналары мен мәслихат депутаты Мүсілім Жәрдемов келді.
Мектеп басшылығы не дейді?
"Саяжайда тұратын 50-ге жуық оқушы, сондай-ақ "Хлебзавод" аялдамасына жақын орналасқан үйлердің балалары осы теміржол арқылы мектепке барады. Мұндай қайғылы оқиға алғаш рет болып тұр, бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Жол қауіпсіздігі туралы ешкім ойланған жоқ. Көпірді жөндегенде де жаяу жүргіншілер баспалдағын қосуды ойластырмаған. Кейін Арунаға №7 орта мектептің жетінші сынып оқушысы көмектескен. Ол самокатпен өтіп бара жатып, рельстердің қасынан қызды көріп, жедел жәрдем көлігін тоқтатты. Соның арқасында Аруна аман қалды", - деп түсіндірді №26 орта мектеп директоры Ләззат Қастуғанова.
Балалардың ата-аналары бұл жолда жарық та, камера да жоқ, ал қаңғыбас ит көп, нашақорлар мен маскүнемдер жиі жиналатынын айтады.
"Енді мәселе қызды оңалтуға қатысты. Бастапқыда бұған араласпадық, өйткені құқығымыз жоқ еді. Отбасының көмек алып жатқанына сенімді болдық, бірақ олай емес екен. Екі күн бұрын бізге Арунаның анасы хабарласты. Біз оқушымызбен байланыста болдық, міндетіміз - оның оңалып кетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау. Мектеп тарапынан қолдан келгенше көмектесеміз. Отбасы берекелі. Ата-анасы - жауапкершілігі бар, жақсы адамдар. Қыз 4-5-ке оқиды, белсенді және тәрбиелі", - деді Ләззат Қастуғанова.
Шенеуніктер пікірі қандай?
Мүсілім Жәрдемов мектеп басшылығы бұл жантүршігерлік жағдайды ата-анасының келісімінсіз айта алмайтынын айтты.
"ЖШС басшылығы немесе теміржол иесі қызға жан-жақты көмек көрсетуі керек. Балаға мұнда қайтып оралуға болмайды. Бойжеткен теміржолдың шуына психологиялық тұрғыдан дайын емес. Оңалту мәселесі де өте күрделі. Оған көмек керек, себебі ол мектепке қайта барғысы келеді, бірақ ескі мұғалімдеріне қайта оралу үшін пәтер мектепке жақын болуы керек. Сыныптастарымен қарым-қатынас оның өмірге деген құлшынысын арттырады. Қалада қамқор адамдар бар, бұған ЖШС басшылығы назар аударатын шығар. Баланың өзі жуынып, дәретханаға баруы үшін отбасы бір айға пәтер жалдауға әзер ақша жинады. Ол аяғы жоғын енді ғана түсініп жатыр. Ата-анасы пәтер де, ештеңе де сұрамайды, ниеті түзу. Олар бұған мұқтаж. Қиын жағдайға тап болғанын түсінуіміз керек, бұл оқиға болмаса, отбасы туралы ештеңе білмес едік. Олар өз тіршілігін жасап, жұмыс істеп, өздерін қамтамасыз етіп келеді", - дейді Мүсілім Жәрдемов.
Сондай-ақ ол техникалық қауіпсіздік мәселесін көтерген жөн деді. Тепловоз жүріп келе жатқанда ілесіп бақылап жүретін адамдар болуы керек. Бұл жерде адам көп қоныстанған, ал жүк келгенде тепловоздар өтіп кетеді.
"Мүмкін тергеу кезінде бұған назар аударылатын шығар, мүмкін жүргізуші көрмеген шығар, бірақ бақылап жүретін адамдар болуы керек", - деді ол.
Тепловоз кімге тиесілі және компания не дейді?
Қызды қағып кеткен тепловоз WEST TRANS SERVICE ЖШС-на тиесілі. Компания директоры Құрманғазы Қажиденов қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Келісімшарт аясында отбасына көмектесуге және пәтердің жалдау ақысын төлеуге дайын екенін атап өтті.
"Біздің компания нарықта екі жылдан аса уақыт жұмыс істейді және мұндай оқиға алғаш рет болып отыр. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бойжеткен қауіпсіздік ережелерін бұзған. Егер ереже бойынша жол бойымен жүрсеңіз, (рельстерден) бес метр қашықтықта жүруіңіз керек. Локомотивте жолсеріктер болған, бірақ олар қызды байқамай, тоқтаған жоқ", - деді Құрманғазы Қажиденов.
Қыздың анасы Әсия отбасында бәрі жақсы болады, қиындықтарды жеңеді деп сенеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек