“Бір ай бойы қинап ұстады“. Арбатта қайыр тілеген суретшінің әңгімесі

“Бір ай бойы қинап ұстады“. Арбатта қайыр тілеген суретшінің әңгімесі
Фото: Massaget.kz/Дина Литпин

Алматы - беймәлім тағдырлар тоғысқан мекен. Қанша халық болса, сонша ғұмыр, сонша сырлы оқиға бар. Қала көшелері тынымсыз тіршілікке асыққан ығы-жығы жұртпен толы болғанымен, олардың арасында қайыр тілеп, күнелтіп жүрген жандар да бар. Солардың бірі Massaget.kz тілшісіне сырын ақтарды. 

Амангелді аға - Өскемен өңірінің тумасы. Жастайынан түрлі қара жұмыстарда істеген. Қазір Алматы қаласындағы Орталық мешіттің жанында тіленші болып, күн көріп жүр. 25 жыл бойы садақа сұрап жүрген ол өмірінің қиын кезеңдері жайлы әңгімелеп берді. 

 "Өмірге еш өкпем жоқ"

Амангелді аға туған ауылында 10 жылдық мектепті тәмамдағаннан кейін оқуға тапсыруға мүмкіндігі болмай, зауыттарда қара жұмысшы болып жұмыс істейді. Кейін тағдыр айдап Алматыға келіп, ауыр жұмыстардан денсаулығы нашарлап, іске жарамай қалған соң, қайыр тілеуге бекінеді. Содан бері Алматыдағы Көк базар мен Орталық мешіттің ортасында күнелтуге қажет қаражатын тауып жүр. 

"Адам маңдайына не жазылды, соны көреді. Тағдыр кітабы біз үшін баяғыда жазылып қойған. Менің тағдырыма осылай болу жазылып қойған. Сол нәрсені сүріп жатырмын. Өмірге еш өкпем жоқ. Осы күніме де ризамын", - деді ол.  

Садақадан күніне қанша табады?

Амангелді ағаның бір күні Орталық мешіттің жанынан басталады. Таңертеңнен кешке дейін жүріп, кейде 5 мың, кейде 3 мың теңге табамын дейді. 

"Таң атқаннан кеш батқанға дейін Көк базар мен Орталық мешіттің арасында жүремін. Зейнетақым 60 мың теңге. Ай сайын пәтеріме 40 мың теңге төлеймін. Қалған 20 мыңым бір айға жетпейтін болған соң, осылай өткен-кеткеннің 20-30 теңгесін сұрауға мәжбүрмін", - дейді ол. 

"Бала кезімнен сурет саламын"

Амангелді аға бала кезінен сурет өнеріне қызығып өскен. Украинада әскери қызметін өтеп жүріп те әскердегі жолдастарының арасында "суретші Амангелді" деген лақап аты болған. Алайда кәсіби түрде оқуын оқып, соңынан қумаған.

"Бала кезімнен шығармашыл адаммын. Жиі аян түстер көретінмін. Кітап көп оқимын. Суретшімін. Көшеде сурет салып ақша тауып көргім де келді. Оған бірақ денсаулығым жарамады. Қазір көрген адам аяқ-қолы сау ғой, неге жұмыс істемейді деп ойлайтын да болар. Бірақ амалым жоқ болғасын осылай жүрмін", - деді Амангелді аға. 

Амангелді ағаның туыстары оның осындай күйде екенінен хабардар. Кейде хабарласып, жағдайымды сұрап тұрады дейді ол. Алайда достарымен ат құйрығын үзіскен. 

"Достарым жоқ. Олар мені ақшаға сатып кеткен. Оларға кезінде көмектескен едім. Бірақ маған көмек керек кезде ешқайсысы жоламады. Қазір ешкіммен араласпаймын. Менің досым - Құдай. Мұңымды да, сырымды да соған ақтарамын", - дейді. 

"Жұмыс береміз деп құл қылып жіберді"

Амангелді ағаның жасы қазір 57-де. Тағдырдың көп тауқыметін өткерген. Бірнеше жыл бұрын аула сыпырушы болып та, күзетші болып та жұмыс істеп көрген. Солай жүргенде белгісіз біреулер көшеден көріп, жақсы жұмыс бар деп алдап, Жамбыл облысындағы Отар ауылына алып кеткен.

"Адамдарға сенгім келмейді. Бір ай құлдықта болған кезім де болды. Отардағы бір үйдің малын бақтырып қойды. Вагонда қамап, қинап ұстады. Тамақ бермей, күндіз-түні жұмысқа салды. Сосын шыдамай, қашуға бекіндім. Түннің ортасында пойыз станциясына қарай жүгіріп, қашып кеттім. Айдалада бірнеше шақырым жаяу жүгірдім. Сол кездегі Құдайдың құдіретіне алғысым шексіз. Пойыз келіп тұр екен. Соған міндім де, кетіп қалдым. Содан кейін адамдарға сенуден қалдым", - деді Амангелді аға ауыр күрсініп. 

 "Осы өміріме ризамын"

Амангелді ағаға "Пана" әлеуметтік орталығына барып ем алуды, сол жақтың қызметіне жүгінуді ұсындық. Алайда дегенімізден бас тартты. Орталықта бұрын болған екен. Оның айтуынша, онда адам көбейіп, тамақтары да нашарлап кеткен. Жұмыс істеймін деп өз еркімен шығып кеткен көрінеді. 

"Құдай сүйген құлына сынақ береді. Мен мүлдем ішпейтін адаммын. Осындай өмір менің маңдайыма жазылған болу керек. Сол жолмен келе жатырмын. Осы күнім үшін бақыттымын. Құдай мені жақсы көретін болғандықтан, осылай сынап жатқанына ризамын. Мына өмір сағым ғой, өтеді де кетеді. Ертеңгі өмірімізге дайын болғанымыз дұрыс. Үлкен бір көмекке мұқтаж емеспін. Күнелтіп жүрген жанмын", - дейді ол. 

Осылайша, көше кезген атпалдай азаматтың ауыр тағдырын естіп білдік. Көмегімізден бас тартып, тек жан сырын ақтарды. Бұл осындай тағдыр тәлкегіне түскен мың адамның бірі айтқан хикая.  

Айта кетейік, Қазақстанның Ұлттық статистикалық бюросы 2022 жылдан бері кедейлік деңгейінен төмен өмір сүретін адамдар саны үш есе өскенін атап өтті. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі айлық мөлшері 85 мың теңге болып бекітілді. Алайда былтыр берілген деректерге сәйкес, 358,9 мыңнан астам азаматтың айлық табысы 60 000 теңгеден аспайтыны белгілі болды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Литпин