Ара ауылшаруашылық өсімдіктерін тозаңдандыруда үлкен роль атқарады. Ал Қонаев қаласы маңындағы жылыжайда араның ерекше түрі бар. "Ехелл" деп аталатын бұл түкті аралар Голландиядан жеткізіледі. Бұл жәндіктерсіз өсімдіктің дұрыс өніп, жеміс беруін елестету мүмкін емес екен. Бұл туралы жылыжай кешенінің бас агрономы Айман Сатыбалдина айтты. Massaget.kz тілшісі ара шаруашылығымен танысып қайтқан еді.
"Төрт гектар жерге қияр мен қызанақ егеміз. Қызанақ сабағы дұрыс жетіліп, өнім сапалы әрі дәмді болуы үшін дер кезінде тозаңдануы керек. Сол үшін голландиялық түкті аралардың көмегіне жүгінеміз. Жылыжайдағы ең маңызды процесс - осы тозаңдандыру. Егер ара өсімдік гүлін тозаңдандармыса, жеміс нашар шығады. Өнімнің 70 пайызы шықпай немесе сапасыз болуы мүмкін", - дейді бас агроном.
Аралар тозаңдану кезінде көкөністер мен жемістердің дәмділігіне әсер етеді. Жылыжай басшылығы апта сайын голландиялық компаниядан түкті ара ұяшықтарын сатып алады. Әр ұяда 40-80 түкті араға дейін болады. Ал бір ұяшық бағасы 50 мың теңге дейін барады екен.
"Төрт гектарға апта сайын 15 ұя орнатамыз. Өйткені тозаңдануды үзбеуіміз керек. Аралар күн жарық кезде ғана гүлге қонады. Ең соңғы гүл гүлдемейінше тамыз-мамыр аралығында тоғыз ай бойы оларды жылыжай жұмысына қолданамыз. Әр араның өз ұясы бар. Ұяларынан адаспайды. Жылыжай жағдайында түкті аралар 4-6 аптаға дейін өмір сүреді", - дейді жылыжайдың бас агрономы.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!