• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

“Бір аптада төрт адам суға кеткен“. Балық аулауға шыққандарға айыппұл салынып жатыр

“Бір аптада төрт адам суға кеткен“. Балық аулауға шыққандарға айыппұл салынып жатыр
Фото: Midjourney

Қарағанды облысында суға кеткен балықшының денесі алты күннен бері іздестіріліп жатыр. Ол Топар ауылына аттанып, сол күйі оралмаған. Су қоймасынан оның заттары мен қармақ-ауы табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Облыста айналдырған бір апта ішінде төрт адам суға кетіп отыр. Алты күн бұрын Теміртаудағы Самарқан бөгенінде мұз жарылып, үш балықшы судан шыға алмай мерт болды. Сол күні 65 жастағы зейнеткер де Топар ауылындағы Шерубай-Нұра су қоймасына балық аулауға барған. Оны су астынан да, дрон көмегімен көктен де іздеп жатыр. Құтқарушылардың жұмысына еріген мұз бөлшектері кедергі келтіріп жатыр.

Қазір судан құтқару қызметкерлері жаппай кезекшілікке шыққан. Ауа райына қарамай балық аулау үшін мұзға шыққандарға шетінен айыппұл салынып жатыр.

"18 наурыздан бастап су қоймалары мен тоғандарда мұз еріп жатқандықтан қауіпсіздік талабын қатаң сақтау керек. Арнайы ереженің 47-ші бөлігінде осындай шақта мұзға шығуға тыйым салынған. Оны ескермегендерге 412-ші бапқа сәйкес әкімшілік жаза қолданылады", - деді Қарағанды облысы ТЖД басқарма бастығы Ерасыл Сайпаш.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget