Алматыда қоғамдық көлік жұмысына қатысты апта сайын шамамен 800 шағым түседі. Қала тұрғындары көбіне автобусты ұзақ күтетініне, салон тазалығына, кондиционер жұмыс істемейтініне, жүргізушілердің әрекетіне наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Осыған байланысты қала билігі тасымалдаушыларға бақылауды күшейтіп, күн сайын желідегі автобустар мен жүргізушілерді тексеретін бақылау қызметін құрған. Бұл туралы ӨКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, қоғамдық көліктегі жолақы көтерілмейді. Оның орнына билік тасымал сапасын арттырып, тасымалдаушылар арасындағы тәртіпті күшейтуге назар аудармақ.
"Қоғамдық көлік әрдайым қоғам назарында болғандықтан, сын-пікір де көп айтылады. Тұрғындардың өтінішін күн сайын бақылап отырамыз. Анықталған әрбір заңбұзушылық бойынша тасымалдаушыға шара қабылданады", - деді Ержан Диханбаев.
Ең көп шағым қалада үлкен іс-шара өткенде, ауа райы нашарлаған кезде, көлік қозғалысына әсер ететін жол апаты болған сәттерде тіркеледі.
Бақылауды күшейту мақсатында Алматыда арнайы қызмет құрылған. Осылайша қызметкерлер автобустардың жағдайын, қозғалыс кестесі сақталуын тексереді. Сондай-ақ, жүргізушілердің темекі шегіп, рөлде телефон ұстап, жолаушыларға дөрекілік көрсетіп, аялдамадан өтіп кетуі сияқты заңбұзушылықтарды тіркейді.
Пилоттық жоба басталғалы бері 989 заңбұзушылық анықталған. Олардың қатарында рөлде ұялы телефон пайдалану, аялдамаларға тоқтамау, билет бермей қолма-қол ақша қабылдау, жолаушыларға қызмет көрсету ережесін бұзу деректері бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!