Бозымбаев ұшақ апатынан зардап шеккен жолаушыларға барды

Бозымбаев ұшақ апатынан зардап шеккен жолаушыларға барды
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Премьер-министрдің орынбасары басшылық ететін Үкіметтік комиссия Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың мәліметінше, ұшақ апаты болған жерде 22 жедел жәрдем бригадасы және 6 АМО (Апаттар медицина орталығы) бригадасы жұмыс істеді.

Облыстық көпсалалы ауруханада 30 хирургиялық және травматологиялық, сондай-ақ 10 реанимациялық төсек-орын дайындалды. Жалпы, ауруханаларға 29 зардап шеккен адам жеткізілді. Оның ішінде Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына 27 адам түсті. Олардың 13-і - Әзербайжан азаматтары, тоғызы - Ресей, үшеуі - Қырғызстан азаматтары. Үш адамның жеке басы анықталып жатыр. Облыстық балалар ауруханасында екі кәмелетке толмаған бала жатыр.

"Барлық науқастар толық көлемде медициналық көмек алып жатыр", - деп хабарлады әкімдік.

Қанат Бозымбаев жауапты тұлғаларға сапалы емдеу мен тиісті күтімді қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ Ақтауға елдің жетекші ғылыми медициналық орталықтарынан реаниматологтар, травматологтар, хирургтер, комбустиологтар және басқа да жоғары білікті мамандар тобы жеткенін хабарлады.

Одан кейін Қанат Бозымбаев Әзербайжаннан келген үкіметтік делегациямен кездесті. Вице-премьер Төтенше жағдайлар министрі Камаледдин Гейдаровпен және цифрлық даму және көлік министрі Рашад Нәби оғлы Нәбиовпен келіссөздер жүргізді. 

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан