Бозымбаев Шэньчжэнь мэрімен инновациялық қалаларды дамыту тәжірибесін талқылады

Қазақстан Алатауды дамытуда Қытайдың Шэньчжэнь қаласының тәжірибесін пайдалануды көздеп отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Қытайға жұмыс сапары барысында Шэньчжэнь мэрі Цинь Вэйчжунмен кездесуінде айтылды. Тараптар инвестициялар, цифрлық технологиялар, жасыл энергетика және Шэньчжэнь компанияларының Alatau City жобаларына қатысу мүмкіндігін талқылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қанат Бозымбаев Қазақстан мен Қытай стратегиялық әріптестікті дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы рекорд деңгейге, яғни 48,7 миллиард долларға жетті. Ал 2005-2025 жылдар аралығында Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 29 миллиард доллардан асты.

Екіжақты қарым-қатынастардың дамуы аясында Қазақстан Алатауды құру бойынша ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр. Ол экономикалық өсімнің жаңа драйверіне, халықаралық инвестицияларды тарту және озық технологияларды енгізу алаңына айналуға тиіс.

Вице-премьер жаңа мегаполистің инвестициялық әлеуетін таныстырып, екі елдің ірі қалалары арасындағы ұқсастықтарды келтірді.

"Астана - біздің Бейжіңіміз, елдің саяси орталығы. Алматы - Шанхайдың баламасы, ол - Қазақстан ЖІӨ-нің 20 пайыздан астамы болатын біздің қаржылық және өнеркәсіптік хабымыз. Ал жаңа Алатау қаласы - Шэньчжэньнің баламасы. Бұл - нөлден бастап дамып келе жатқан және әлемдік таланттарды, капиталды, озық технологияларды тарту мен ерекше құқықтық режим құру бойынша маңызды миссияны арқалаған қала", - деді Қанат Бозымбаев.

Үкіметтің баспасөз қызметі ұсынған сурет

Кездесу барысында Алатаудың арнайы құқықтық режимі мен даму моделін әзірлеу кезінде әлемдік озық тәжірибелер, соның ішінде бірнеше жыл ішінде инновациялар мен жоғары технологиялар және кәсіпкерлік саласында жетекші әлемдік орталықтардың біріне айналған Шэньчжэнь тәжірибесі ескеріліп жатқаны айтылды.

Ал Шэньчжэнь мэрі Цинь Вэйчжун қазақстандық делегацияны жылы қабылдап, Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жоғары деңгейін атап өтті және практикалық іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін танытты. Ол мегаполистің жаһандық мәртебесі туралы айтып, өңірдің жетістіктеріне тоқталды.

"Шэньчжэньнің экономикалық көлемі қазір қытайлық қалалар арасында үшінші, Азияда төртінші, ал әлемде алғашқы ондықта тұр. Шэньчжэньнің сыртқы саудасының жалпы көлемі қытайлық қалалар арасында бірінші орында, өнеркәсібі де бірінші орынды иеленеді", - деді Цинь Вэйчжун.

Ол Қазақстанның Алатау қаласын құру жөніндегі бастамасын жоғары бағалап, жаңа буын жобаларын табысты жүзеге асыру ұзақ мерзімді стратегиялық көзқарасты, инвестициялар үшін ашықтықты және инновацияларды жүйелі түрде енгізуді талап ететінін атап өтті.

Тараптар Алатау мен Шэньчжэнь арасындағы ынтымақтастықтың төрт негізгі бағытын айқындады.

Бірінші бағыт - сауда және инвестициялар. Қазақстан мен Қытай арасындағы рекорд көлемдегі тауар айналымына қарамастан, Қазақстанның Гуандун провинциясымен және Шэньчжэнь қаласымен өзара сауда көлемі әзірге 8,4 миллиард доллар болады. Тараптардың бағалауынша, бұл алдағы өсім үшін айтарлықтай әлеуетке ие.

Екінші бағыт - цифрлық экономика, байланыс және жасанды интеллект. Тараптар озық технологиялар саласындағы стратегияларды ұштастырудың және цифрлық Жібек жолын бірлесіп дамытудың маңызын атап өтті. Қазақстан Алатауда инновациялық орталықтар құру үшін Шэньчжэньнің бұлтты есептеулер, роботтехника және толыққанды жеткізу тізбегі саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр.

Үшінші бағыт - энергетика және жасыл технологиялар. Шэньчжэнь жоғары экологиялық стандарттарды көрсетіп отыр: жаңа энергия көздерімен жүретін көліктің үлесі 80 пайыздан асады. Тараптар Қазақстанның жел және күн энергиясы саласындағы табиғи ресурстары қытайлық технологиялармен ұштасса, экологиялық таза мегаполис үшін негіз бола алатынын атап өтті.

Төртінші бағыт - мәдени және туристік ынтымақтастық, бұл қалалар арасындағы ұзақ мерзімді жақындасуға және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етуге тиіс.

Үкіметтің баспасөз қызметі ұсынған сурет

Кездесу барысында Қанат Бозымбаев Шэньчжэнь компаниялары мен даму институттарын жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, логистика, жасыл энергетика және жоғары технологиялық өндірістер салаларындағы Alatau City жобаларын жүзеге асыруға қатысуға шақырды.

Келіссөздерді қорытындылай келе, вице-премьер ұзақ мерзімді іскерлік байланыстар орнату үшін Шэньчжэньнің маңызын атап өтті.

"Біздің бұл сапарымыз тәжірибе алмасу саласында өзіңіз басқаратын Шэньчжэньмен ынтымақтастық орнатудың алғашқы қадамы ретінде дәл осы қаладан басталып отыр және өте тиімді серіктестікті өрістете аламыз деп сенеміз", – деп түйіндеді Қанат Бозымбаев.

Тараптар Шэньчжэнь мен Алатау арасындағы әріптестік пен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін растады.

Мән-жайы

8-12 маусым аралығында Қытайда Alatau City жобасының роуд шоуы өтіп жатыр: ол Шэньчжэнь, Гонконг және Макаода таныстырылады. Сапар мақсаты - Алатауды дамытуға инвесторларды, технологиялық компанияларды және халықаралық серіктестерді тарту.

Жобаның құқықтық негізі қаланды. 8 мамырда Мемлекет басшысы "Алатау қаласының айрықша құқықтық режимі туралы" конституциялық заңға қол қойды. Ол қала үшін дамудың ерекше шарттарын, жаңа басқару моделін, инвесторлар мен бизнес үшін бөлек ережелерді, сондай-ақ, Алатау резиденті мәртебесін бекітеді.

2 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Президент сол кезде жоба іскерлік белсенділік пен инновациялардың жаңа орталығына айналуға тиіс екенін атап өтіп, қажет нормативтік актілерді қабылдауды жеделдетуді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, инвесторлар өздеріне қажет жағдай жасалғанша жылдап күтпейді.

Бүгінде Алатау нөлден бастап салынып жатқан жаңа қала ретінде дамып келеді. Оның аумағы 88 мың гектар және 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын төрт функционалдық аймаққа бөлінген. Қалада қазірдің өзінде Gate City тұрғын ауданын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, бес жүйе құраушы кәсіпорын жұмыс істеп тұр, ал инвестициялық жобалар портфелінің жалпы құны 2 триллион теңгеден асады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!