- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтаудағы ұшақ апаты
Бозымбаев ғаламторда жарияланған ақпарат туралы: “Қара жәшіктердегі деректер мазмұнында айырмашылық бар“
![Бозымбаев ғаламторда жарияланған ақпарат туралы: “Қара жәшіктердегі деректер мазмұнында айырмашылық бар“](/userdata/news/news_124298/image_l.jpg)
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев желіде тараған Әзербайжан әуе жолы (AZAL) ұшағының қара жәшігінен алынған жазбаны түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Вице-премьердің айтуынша, қара жәшіктің жазбасын Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Бразилияның мамандары декодтаған.
"Барлық мамандар тең қолжетімділікке ие болды. Мен желіде тарап кеткен жазбаны тыңдадым. Маған ондағы әңгімелер жермен жүргізілген байланыс сияқты көрінді. Экипаж мүшелерінің әңгімелерін естімедім. Қара жәшікте капитанның, пилоттың және экипаж мүшелерінің сөйлескен барлық әңгімелері бар. Онда біршама көбірек ақпарат бар. Мен ол ақпараттың біздің тергеу тобымыздан "тарап кеткен" ақпарат емес екенін түсіндім", - деді вице-премьер.
Бозымбаевтың айтуынша, желіге шыққан жазба қара жәшіктің мазмұнынан айтарлықтай өзгеше.
"Мен бұл жазбалармен танысып шықтым. Жарияланған мәліметте экипаж мүшелерінің сөйлескені естілмеді. Біз мұны қара жәшіктердегі жазбалардың жариялануы деп қарастырып отырған жоқпыз. Интернетте белгілі бір мәліметтің шыққаны оның ақиқат екенін білдірмейді. Қара жәшіктердегі деректердің мазмұнынан айтарлықтай айырмашылық бар", - деді ол.
Вице-премьердің сөзінше, ұшақтың қара жәшіктері қазір тергеу тобының қолында.
"Ұшақ қалдықтары Ақтау қаласындағы ангарда тұр, олар да тиісті халықаралық сарапшылармен тексерілді және өз қорытындысын береді. Ашылған материалдары басқа топта, яғни әуе оқиғасын тергеушілерге тиесілі. Олар не болғанын, қай уақытта болғанын, экипаждың кәсіби және кәсіби емес әрекеттерін, жерден келген командаларды анықтайды. Менің ойымша, бұл материалдарды ашу көптеген жалған тұжырымдарды жойып, нақты картинаны көрсетеді", - деді Бозымбаев.
Айта кетейік, Үкімет отырысында Ақтаудағы ұшақ апатының алдын ала тергеуі келесі апта аяқталатыны айтылды.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет