- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бозанбай ауылындағы құсбегі...
Бозанбай ауылындағы құсбегі отбасы референдумда белсенді азаматтық ұстанымын көрсетті
Дәстүрді құрметтеумен және белсенді өмір ұстанымымен танымал бұл отбасы азаматтық жауапкершілігіне қаншалықты құрметпен қарайтынын көрсетті. Бүгін Бозанбай ауылындағы Нажитбан отбасы ел үшін маңызды оқиға – референдумға қатысты.
Жыл сайынғы Қазақстанда дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы биыл да өткізіліп жатыр. Бұл жоба қазіргі таңда халықтық мерекеге айналып, қоғамның назарын отбасылық құндылықтарды дәріптеуге аударуда. 2024 жылы аудандық кезеңнің нәтижесінде Бозанбай ауылынан шыққан Нажитбан отбасы жеңімпаз атанып, облыстық байқауға жолдама алған болатын.
Нажитбан отбасы 9 адамнан тұрады. Отағасы Нажитбан Маркс жылдар бойы құсбегілікпен айналысып келеді. Бұл көне кәсіпті ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, бүгінде өзі ғана емес, балалары да осы өнерді жалғастыруда. Нажитбанның жұбайы Олшан Шакерман – жеке кәсіпкер, ол «Асылай» атты туризм саласында қызмет атқарып, өз кәсібін дамытып отыр.
Отбасының үлкен қызы Ақжан Маркс «Айтас» құс фабрикасында жұмыс істейді, ал ұлы Бақмерей Маркс – жекпе-жек күресінде бірнеше жүлдеге ие болған спортшы. Кенже қызы Асылы Бозанбай орта мектебінің 3-сынып оқушысы. Отбасының ортаңғы балалары – Бақжан мен Айзере бала кездерінен бастап құсбегілікке қызығушылық танытып, әкесінің жолын қуып келеді. Әсіресе Айзере бірнеше республикалық бүркітшілер байқауының жүлдегері атанып, өзінің осы саладағы шеберлігін дәлелдеді.
Нажитбан отбасы – отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, оларды келер ұрпаққа жеткізіп келе жатқан өнегелі отбасы. «Мерейлі отбасы» байқауындағы жеңістері – олардың қоғамдағы рөлі мен үлесін дәлелдейтін айқын мысал.
ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынған материал
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина