Желіде Ақтаудағы аяқталмаған аялдаманың видеолары тарады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аялдаманың биік болғанынан оған отыру мүмкін емес.
Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Massaget.kz тілшісіне аялдамаға қатысты жауап берді.
Олардың айтуынша, аялдаманың ұстатқыштары жерге бекітіледі, сол кезде ол мұндай биік болмайды.
"Ақтауда жаңа 20 әлеуметтік автобус аялдамасын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір жаңа аялдамалар автомобиль жолдарының қажетті аумақтарына орнатылып жатыр. Бұл автобус аялдамасы әлі бекітілмеген. Осы аптада толығымен орнатылады. Инженерлік желілер құрылысына байланысты тоқтап тұрған еді, жолды жөндеу аяқталғаннан кейін аялдама орнатылады", – делінген жауапта.
Желі қолданушылары аялдамаға қатысты түрлі пікір қалдырған.
"Су тасқыны болған кезде кеме күтетін аялдама", "Автобус келгенде отырғыштан түсіп, үлгермей қалсаң", "Аяқталмағаны көрініп тұр ғой", "Бойы ұзын адамдарға арналған", – деп жазған олар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз