Маңғыстаулық шаруалар зиянкестермен күресе алмай, көмек сұрауға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кенелер әсіресе, түйе шаруашылықтарында көп. Зиянкестер ұзақ уақыттан бері жануарларға жабысып, әлсіреткен. Шаруалардың айтуынша, кене 2 жыл бұрын қуаңшылықтан кейін шыққан. Ал, биыл өте көп.
"Кененің қырсығынан менің 5 ботам өлді. Бұл енді мүмкін емес, кенеден қалдық бәлеге. Қораны да тазалаймыз, малдың жүнін де қырықтық. Нәтиже жоқ. Өте көп. Қазір шаруалардың бәрінің айтатыны осы. Малшылардың бәрі осы көк кенеден қиналып отыр. Шығын бәрінде де бар. Үкіметтен көмек болмаса, бізге қиын болып тұр", - дейді шаруа қожалығының иесі Есбол Естүрлиев.
Қазір шаруалар түйелердің жүнін қырқып, өз бетінше улап жатыр. Алайда, "зиянкестермен күресте бұл жеткізіксіз", - дейді олар.
Сондықтан құзырлы мемлекеттік органнан толық дезинфекция жүргізуді сұрайды. Ал, Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының сөзінше, жеке шаруашылықтың дамуына кәсіпкерлер өздері жауапты. Өйткені, олар төрт түлікті жылына бір рет паразитарлық ауруларға қарсы ерітіндіге тоғытып, жүнін қырқуы қажет. Сонымен қатар, малды қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіріп, қораларды дезинфекциялап отыру керек.
"Әр кәсіпкер өзінің малын күтіп-баптауға, паразитарлық ауруларды болдырмау үшін, шараларды жүргізуге міндетті. Ал, біз тек қана жұқпалы ауруларды болдырмау бойынша, профилактикалық-диагностикалық іс-шараларды атқарамыз", - дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Марқабаев.
Сая Мәжитова
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз