Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесу барысында жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы жуырда Конституцияға қол қойып, оның ережелерін іске асыру шаралары туралы Жарлыққа да қол қойғанын еске салды. 1 шілдеден бастап Жаңа Конституция ресми түрде күшіне енеді.
Тоқаев жалпыхалықтық дауыс беру қазақстандық жастардың белсенділігін, жаңашылдығын және кемелдігін айқын көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа буын өкілдері елінің жауапты, прогрессив әрі креатив азаматтары ретінде өз таңдауын жасады.
"Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды, бұл жастарға арналған құжат десек, қате болмайды. Төрге озған Халық Конституциясы жастарға жөн сілтейді, өмір жолын көрсетеді. Жаңа Ата заң жас ұрпақпен бірге жасай береді", - деді Тоқаев.
Ол бүгінде Түркістан облысында 700 мыңға жуық жас азамат тұратынын, бұл өңір халқының үштен бірі екенін айтты. Президент жастардың біліміне, қабілетіне және күш-қуатына сенетінін жеткізді.
Тоқаев Қазақстанның өркендеуіне шынайы үлес қоса алатын буын еліне жанашыр ұрпақ екенін айтты. Президенттің пікірінше, мемлекеттің болашағы - патриот, жасампаз әрі жауапты жастардың қолында.
"Нағыз патриот - өз жұмысын адал әрі жауапкершілікпен атқаратын адам. Адал еңбекпен келген дәулет әрдайым берекелі болады. Жалқау және әрекетсіз адамдар ешқашан шынайы патриот бола алмайды. Біздің қоғамға декларация мен бос сөз емес, нақты іс керек. Патриотизм - даңғаза сөз бен көзге түсу емес, ең алдымен елге пайда әкелетін нақты іс, Отанға адалдықтың көрінісі, - деді Тоқаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz