• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

“Бос жатқан жер жау шақырады“. Депутат Сайыров шекара маңындағы елді мекендерге қатысты дабыл қақты

Фото: Видео кадры

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтауда шекаралық аудандардың стратегиялық маңызы зор екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгінде 14 облыс көршілес 5 елмен (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан) шектеседі. Шекаралық аймақтарда 65 аудан бар. Онда 3,5 млн адам тұрады. Ал шекараның түбінде, яғни шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн. халық тұратын 1 283 елді мекен орналасқан.

"...Алайда бүгінде шекара маңындағы 65 ауданның 40-ында халық саны азайып кеткен. Әсіресе, бұл ауа райы қатаң Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында анық байқалып отыр", - деді депутат.

Ерлан Сайыров шекаралық аудандардағы бірқатар елді мекеннен тұрғындардың жаппай көшуі толастамай тұрғанын, ал бұл өз кезегінде шекара маңындағы аумақтардың бос қалып, ұлттық, аумақтық қауіпсіздіктің әлсіреуіне әкеп соғатынын жеткізді.

"Бос жатқан жер жау шақырады" деген. Сондықтан бұл маңызды мәселеге жіті назар аударып, оны тиімді шешу жолдарын шұғыл қарастырғанымыз жөн", - деп ескертті депутат.

Ерлан Сайыровтың сөзінше, аумағы үлкен және халқы аз елдердің (Канада, Норвегия және Аустралия) тәжірибесі шалғайдағы және шекара маңындағы аумақтарды дамыту үшін жергілікті тұрғындарға түрлі жеңілдіктер беру тиімді (салық, әлеуметтік, несие, энергетикалық және т.б.) екенін көрсетеді.

"Еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралық аудандарда халықтың тұрақтауын ынталандыру, ішкі көші-қонды реттеу және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану үшін шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беруді көздейтін "Қазақстан Республикасының шекаралық аумақтарын дамыту туралы"  арнайы заң қабылдау өте маңызды.  Бұл заң қабылданса, ел аумағын тиімді пайдалануға, шекаралық аудандарды мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге түсіруге, халықтың шекаралық аумақтарда тұрақтануына, өңірдің дамуына және аумақтық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге зор серпін береді деп есептейміз", - деді депутат.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget