- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бос болып туған...
"Бос болып туған ұлыма көмектескім келді". Курс оқып, балалар массажын жасауды үйренген маман табысының құпиясын бөлісті
Соңғы кездері балалар массажы көп аурудың емдеу әдісі ретінде танымалдылыққа ие. Массаж саласына деген сұраныстың артуына байланысты мамандығы мүлде басқа болса да, оны курс арқылы игеріп, табыс тауып отырғандар бар. Ұлбазар Асылбекова екі жылдан бері балаларға массаж жасайды. Оның бұл кәсіпті бастауына төртінші перзентінің өте бос болып тууы себеп болған. Massaget.kz тілшісі маманмен сұхбаттасып көрді.
Массаж аурудың алдын алады және баланың дұрыс дамуына көмектеседі. Ұлбазар Асылбекова дәрігер болуды бала кезінен армандағанымен, мұғалім мамандығын тәмамдаған.
"Мен бала кезден-ақ көп нәрсеге қызығушылығым мол. Соның бірі ақ халат киіп дәрігер болу еді. Инелік пен шегірткеге ота жасаушы едім, ішкі ағзасын қатты зерттейтінмін. Мектепте "Адам анатомиясын" шын ықыласыммен оқитынмын. Өскенде осы мамандықты игеріп қана қоймай, ойымды жүзеге асырамын деп жүргенде біршама уақыт өтіп кетті. Өкінішке қарай, дәрігер мамандығына оқуға түсе алмадым, есесіне "бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі" мамандығын игеріп шықтым. Алайда бала жүрегі қалаған мамандыққа деген қызығушылығым мен махаббатым жоғалмағандықтан, арман болып қалмасын деп жаным сүйген іске қайта оралуды шештім. Соның арқасында дәл қазір ақ халат киіп өз жұмысымды сүйіп жасаймын", - дейді кейіпкеріміз.
Ұлбазардың өз-өзіне деген сенімділігін анасының сөздері арттырған.
"Негізі массажға қызығушылығым бала кезден бастау алған. Оған қоса, анам да әрдайым "қызым сен белімді уқаласаң ауруым басылып, рахаттанамын" деп айтатын. Бұл сөздер өзіме деген сенімділікті ұялатқанымен, массаж жасауды бастай алмай жүрдім", - деді ол.
Ол массаж жасауға бала кезінен қызыққанымен, нақты қолына төртінші перзенті дүниеге келген кезінде ғана алған.
Кейін төртінші балапанымды өмірге әкелген соң балам өте бос болды, яғни басын көтере алмайтын, аунау деген атымен жоқ еді. Алғашында сәбиіме көмектесу үшін массаж жасауды үйрететін дайындық сабақтарын онлайн да, оффлайн да оқып, қыр-сырын біліп алдым. Солай ұлыма массаж жасадым. Шүкір, нәтижесінде ұлым басын көтеріп, аунап шыға келді. Бұл жағдай кеше болғандай әлі есімде. Массаж жасап жүргеніме биыл 2 жыл толады. Осы уақыт аралығында көп баламен жұмыс жасадым", - дейді маман.
Ол массаж жасау арқылы тапқан алғашқы табысы туралы да айтты.
"Ұлыммен болған тәжірибеден кейін массаж жасауға тапсырыс қабылдай бастадым. Әрине, бастапқыда қорқыныш болды, бірақ мен мойымадым. Осылай бір сәбиге массаж жасап, алғаш табысымды, 15 мың теңге таптым", - деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Баласының дұрыс дамып, уақытылы жетілуіне үлес қосқан Ұлбазар Асылбекова тәжірибелі, білікті маманмен бірігіп "Ана мен бала" массаж орталығының негізін қалаған.
"Уақыт өте тек тапсырыспен жұмыс істеу жеткіліксіз екенін ұқтым. Ол кезде отбасыммен Түркістан облысының Шұбарсу ауылында тұратын едік. Сонымен, ересектерге массаж жасайтын Пернегүл есімді білімді маманмен таныстым. Екеуміз бірге Шұбарсуда арнайы емдік орталық ашқымыз келді, бірақ тек балаға емес, аналарға да массаж жасаймыз деп шештік. Жаздың ыстық күнінде жүріп, ауылда алғаш рет массаж жасайтын емдік орталық ашылғаны туралы жарнама тараттым. Келушілер саны көбірек болсын деп, адамдарды тарту үшін ауыл тұрғындарына 3 күн тегін массаж жасайтын болдық. Оны естіген жұрт алғашқы күннен бастап ағылып-төгіліп келді. Осылай Пернегүл апай екеуіміз жұмысқа кірісіп кеттік", - деп бөлісті ол.
Маман орталыққа балалар түрлі диагнозбен келетінін жасырмады.
"Орталықта әртүрлі диагноз қойылған балаларды көремін. Айта кететіні, ауыл-аймақта тұратындардың көпшілігі баланы бесікке байлайды ғой. Бала бесіктің ортасында қауыздауының мақтасы басылып кеткен көрпешеде жатады, сондықтан олардың көтені шығыңқы болады. Мен мұны бірден байқап, ажыратамын. Сондықтан аналар қауымы бесік көрпесінің тегіс әрі түзу болу керегіне назар аударса деймін", - дейді кейіпкер.
Сонымен қатар, ол массаж жасау барысын да бөлісті.
"Біз массаж жасау арқылы аурудың асқынып кетуінің алдын аламыз. Сондай-ақ, массаж жасайтын мамандар дәрігер емес екенін еске салғым келеді. Дәрігер бірнеше жыл бойы оқиды, ал массаж маманы адамның қал-жағдайын жақсартуға көмек қолын созады.
Өзім массажды 4 техникамен жасаймын. Таңертең көлік қыздырған секілді, бірінші баланың үстіне май жағамын, денесін қыздырамын, соңында ғана дренажды массаж жасаймын", - деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Кейіпкеріміз жолдасының жұмыс барысымен қазір Шұбарсудан Астанаға көшкен. Еңбектеніп, өзі негізін қалаған орталықты тастап кетуіне мәжбүр болғанымен, массаж жасауды әлі жалғастырып келеді. Оның айтуынша, қазір күн суып, ата-ана маманды үйіне шақырады. Осыған байланысты Ұлбазар Асылбекова да күнделікті кешкі уақытта тапсырыс берушінің үйіне барып, балаға массаж жасайды.
Тағы да оқи отырыңыздар: Күніне 10 мың қадам жүрсе не болады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә