“Бортсеріктің ішінен ұрған“. Полицейлер Астана әуежайындағы оқиғаға қатысты түсінік берді

Астанадан Өскеменге ұшып бара жатқан ұшаққа отырғызу кезінде мас ер адам бортсерікті ішінен ұрған және "бомба" деп айғайлаған. Бұл туралы рейстегі басқа жолаушылар айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осы оқиғаға байланысты Fly Arystan әуе компаниясының рейсі кейінге шегерілді.

Көліктегі полиция департаменті ақпаратты растады.

"Астана әуежайындағы полицияның желілік бөлімінің қызметкерлері іс-әрекеті қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірген Астана - Өскемен бағытындағы рейстің 47 жастағы жолаушысын ұстады. Мас күйінде ол бортсеріктің ішіне соққы жасаған және әуе кемесінен шыққан кезде "бомба" деп айқайлап, жолаушылар мен экипаж арасында дүрбелең тудырды", - деп хабарлады полиция.

Полиция "бұзақылық және терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері бойынша" қылмыстық іс қозғады.

Оқиғадан кейін ұшақ тексерілген, алайда жарылғыш құрылғылар немесе басқа да тыйым салынған заттар табылмады.

"Мұндай қылыққа жол берілмейді және қатаң түрде жолы кесіледі. Жағдайды тұрақсыздандыру немесе көліктегі қорқыту әрекеттері ауыр қауіп деп есептеледі және кінәлілер заң шеңберінде жауапкершілікке тартылады", - деді полиция.

Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз