Батыс Қазақстан облысында көпбейінді ауданаралық аурухана мәртебесін алуға дайындалып жатқан Бөрлі аудандық ауруханасын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда жобаның жалпы дайындығы 90%-ға жетті. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі хабарлады.
Аурухана аумағында жалпы ауданы 8 мың шаршы метр болатын жаңа нысандардың құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 4 млрд 526,17 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталып, оларды 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Жоба аясында перзентхана бөлімшесін кеңейту, клиникалық-диагностикалық бөлімше ашу, кардиология және травматология бағыттарын дамыту, сондай-ақ реанимациядағы төсек-орын санын арттыру көзделген.
Аурухананың диагностикалық мүмкіндіктері де айтарлықтай кеңеймек. Мұнда МРТ аппараты мен ангиограф орнату жоспарланып отыр. Бұл заманауи жабдықтар күрделі диагностикалық зерттеулерді ауданаралық деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау саласының ардагері Али Бектургановтың айтуынша, мұндай өзгерістер аудандық медицинаның мүмкіндігін жаңа деңгейге көтереді.
"Мен денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл еңбек еттім, сондықтан аудандық медицинаның мүмкіндіктерін жақсы білемін. Тұрғындар үшін ең маңыздысы – қажетті медициналық көмекті өзіне жақын жерде алу. Әсіресе егде жастағы адамдар үшін тексеруден немесе емделуден өту мақсатында басқа қалаға бару қосымша қиындық туғызады. МРТ аппараты мен ангиографтың орнатылуы, кардиология мен травматология бағыттарының дамуы – аудандық медицина үшін елеулі өзгеріс", – деді ол.
Жоба аяқталып, жаңа мәртебе берілгеннен кейін аурухана Бөрлімен қатар Сырым, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарының тұрғындарына да медициналық көмек көрсетеді. Осылайша, төрт аудан халқы диагностика мен мамандандырылған стационарлық көмектің бірқатар түрін тұрғылықты жеріне жақын жерде ала алады.
Медициналық мекеменің кадрлық әлеуетін нығайтуға да басымдық берілуде. Штат саны 36,75 бірлікке ұлғайтылды. Бүгінде ауруханаға 19 дәрігер жұмысқа қабылданып, тағы төрт маманның келуі күтілуде.
"Заманауи құрал-жабдықтың болуы маңызды, алайда оның мүмкіндігін толық пайдалану үшін білікті мамандар қажет. Сондықтан кадр тарту жұмысын жүйелі түрде жалғастыру керек. Ендігі міндет – басталған жұмысты соңына дейін жеткізіп, аурухананың жаңа мүмкіндіктерін тұрғындардың игілігіне толық пайдалану", – деп атап өтті Али Бектурганов.
Бөрлі аудандық ауруханасын жаңғырту нәтижесінде заманауи диагностика мен мамандандырылған медициналық көмек бағыттары кеңейтілген көпбейінді ауданаралық медициналық орталық қалыптасады. Бұл Батыс Қазақстан облысының төрт ауданындағы тұрғындар үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
БҚО әкімдігі ұсынған материал