Қаржы мониторингі агенттігі өкілі Қайрат Боранбаев мемлекетке қайтарған ақша қандай мақсатта қолданылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, Қайрат Боранбаевқа қатысты жүргізіліп жатқан соталды тергеу аясында ол өз еркімен ынтымақтастық орнату ниеті барын мәлімдеген. Ал Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 миллион АҚШ долларын, яғни 30 миллиард теңгеден аса қаржы аударды.
Айта кетейік, көгілдір отынды әкелу кезінде қаражат ұрлау дерегі бойынша жүргізілген тергеу аясында Боранбаев 14,5 миллиард теңге көлемінде материалдық шығынды да өтеген болатын.
"Бұл қаражат қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру саласын қолдауға, мектептер мен басқа да оқу орындарын салуға және қайта жаңартуға, бүкіл республика бойынша әлеуметтік салаға бағытталады", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін тергеу шеңберінде жалпы құны 90 миллиард теңгеден асатын активтерді, оның ішінде мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданғаны хабарланған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!