"Бомбапанаға жету үшін 60 секундымыз бар". Израильдегі қазақстандық елдегі жағдай туралы айтып берді

"Бомбапанаға жету үшін 60 секундымыз бар". Израильдегі қазақстандық елдегі жағдай туралы айтып берді
Фото: REUTERS

7 қазанда Израильде зымыран туралы ескерту сиреналары естілді. Газа секторынан елге қарай ондаған зымыран ұшырылды. Палестинаның ХАМАС содырлары Израильге қарсы әскери операция басталғанын жариялады. Massaget.kz тілшісі Тель-Авивте білім алып жатқан қазақстандық докторант Мадина Тельхожаевамен Таяу Шығыстағы соғыс, елдегі қазіргі жағдай туралы сұхбаттасты. 

Мадина Тельхожаева Израильдегі Бар-Илан университетінде пост-докторантурада оқиды. Ол бұл елде 2018 жылдан бері тұрып келеді. Оқу орны елдің орталығында Рамат Ган қаласында орналасқан. Оның айтуынша, университет Тель-Авивтен 15 минуттық жерде. 

"Жалпы елдегі жағдай шиеленісіп кетті, соғыс жарияланды. Әсіресе оңтүстікте, Газа секторымен шекаралас қалалар мен елді мекендердегі жағдай тіптен қиын. Барлық сұмдық сонда болып жатыр, жаңалықтардан көрген адамшошырлық жайттың бәрі сонда болып жатыр. ХАМАС лаңкестері белгісіз бір жолмен шекараны кесіп өтіп, жергілікті тұрғындарға, соның ішінде балалар, әйелдер мен қарттарға шабуыл жасады. Ал электрон музыка фестивалі де сол жақта (оңтүстікте - еск.) өтті, сондықтан онда жастар арасында құрбан көп. Мұның бәрі қорқынышты..." - дейді Мадина. 

Мадинаның әлеуметтік желідегі парақшасынан 

Мадинаның айтуынша, оның тұратын жері тыныш, бірақ шабуыл кезде бұл жердегі жағдай да өзгереді, соғыс басталғаннан бері салыстырмалы түрде зымыран даусы жиі естілетін болған. Бірақ Iron Dome (зымырандарды құлататын темір күмбез - еск.) жүйесінің арқасында адамдар сирена дабылын бірден естиді. Сондай-ақ, арнайы хабарландыру жіберетін қосымшалар да бар.

"Ең жақын бомбапанаға жету үшін 60 секунд бар. Әдетте, әр үйде мұндай арнайы бөлмелер бар. Мен 7-қабатта тұрамын, ал бомбадан қорғайтын орын -2-қабатта, сондықтан, ең алдымен, баспалдақ жаққа ұмтыламыз", - дейді ол. 

Мадинаның сөзінше, тұрғындар арасында үрей бар. Ол мұндай қақтығыс 50 жыл бұрын болғанын айтты. 

"Тұрғындар да, мұнда оқитын студенттер де, басқа елден келгендер де қатты үрейленгені сезіледі, өйткені бұл жағдай бұрынғы жайттарға мүлде ұқсамайды. Әдетте жылына 1-2 рет оңтүстік жақтан, көбіне Газа секторынан, солтүстікте Хезболла жақтан да зымырандар ұшырылатын. Бұған бәрі үйреніп қалған, адамдар ештеңе болмағандай университетке, жұмысқа барады, дүкендер үнемі ашық тұрған. Бірақ бұл - басқа жағдай. Жергілікті басылым мәліметінше, мұндай шиеленіс кейінгі 50 жылда болмаған. Сондықтан көп адам әскерге шақырту алды, тіпті менің достарым, бөлмелестерім арасында әскерге кетіп жатқандар бар. Сұмдық жағдай әрине, бірақ халықтың патриоттық рухы сезіледі. Мысалы, бүгін ғана досым келіп, азық-түлік жинап, ерікті ретінде оңтүстікке апарамақ ойы бар. Бұдан бөлек, басқа да керек-жарақ қабылдайтын пунктер бар. Мұның бәрі әскерге жіберіледі. Ауруханаларда қан тапсыруға ұзын-сонар кезек тұр. Адамдар барынша көмек көрсетіп жатыр. Мұның бәрі көрінеді де, сезіледі де, алайда барлығына көзіңе жас алмай бақылау мүмкін емес. Шетелде жүрген израильдіктер дереу елге оралып, әскер қатарына қосылып немесе қолдан келгенше көмектесіп жатыр", - дейді Мадина.  

REUTERS

Мадина Тель-Авивтегі жағдай туралы бөлісті. 

"Оңтүстікте бәрі жабық, үкімет тұрғындарға үйден шықпауға немесе жақын маңдағы бомбапанаға баруға кеңес берді. Мен орталыққа жақын жерде тұрамын. Біздің университетте осы аптада барлық лекция уақытша тоқтатылды. Күн сайын университет әкімшілігі қолданылатын шара мен нұсқаухаттар жіберіп отырады. Бірақ солтүстіктегі оқу орындары жұмыс істеп жатқанын білемін. Орталықта дүкеннің көбі жұмыс істеп тұр, кейбірі ғана жабық. Бүгін ғана азық-түлік алуға бардым, өмір жалғасып жатыр", - дейді қазақстандық.  

Мадина Тельхожаеваның айтуынша, дабыл қағылғанда бомбапанаға жету үшін 60 секунд беріледі. Ол көп жағдайда тұрғындар баспалдақта отыруға мәжбүр екенін айтады. 

"Бұл жағдай сенбіде басталған еді. Еврейлер үшін сенбі - өте қасиетті күн. Бұл күнді олар Шаббат деп атайды. Бұл күнде ешкім де, ештеңе де жұмыс істемейді, бәрі жабылады. Оған қоса, бұл жергілікті мерекенің соңғы күні еді. Мен таңғы 6 жарымда дабылдан оянып кеттім. Алдымен телефонға хабарландыру келді. Мұндай кезде арнайы қосымшаны орнатқан жөн. Онда қалаңызға байланысты жағдайға қатысты ескертпелер, хабарландырулар келеді. Мен бірден кілтімді, ұялы телефонымды алдым. Кейін қалада дабыл қағыла басталды. Төніп тұрған қауіпке байланысты бомбапанаға дейін жету үшін түрлі уақыт беріледі. Маған бомбапанаға жету үшін 60 секунд берілді. Бұл - жеткілікті уақыт, өйткені оңтүстіктегілерде бар болғаны 15 секунд бар. Көп үйде мамад деп аталатын арнайы бөлмелер бар. Мен 7-қабатта тұрамын, ал біздің үйдегі бомбапана -2-қабатта. Сондықтан біз баспалдақ жаққа шығамыз. Бұл - мұндағы сақтық шарасы. Мұнда Iron Dome (зымырандарды құлататын темір күмбез - еск.) жүйесі бар. Әдетте ол зымырандарды қағып түсіреді. Біз зымырандар тоқтағаннан кейін де 5-7 минут баспалдақта отырып күтеміз, кейін әркім келесі дабылға дейін өз пәтеріне кетеді. Бірақ өткен сенбіде бүкіл қала бойынша күнұзаққа дабыл соғылды. Олардың басты мақсаты Тель-Авивтей сезілді. Сондықтан 10 минут сайын жан-жақтан зымыран атқылап жатты. Біз сол күні тіпті пәтерге кірмей, күні бойы баспалдақта отырдық. 6 жарымнан бастап түнге дейін қақтығыс болды. Түнде аздап басылғандай болғанымен, келесі күні қайта басталды. Мен тіпті күндерден шатасып қалдым", - дейді ол. 

REUTERS. Iron Dome 

Қазақстанның Израильдегі СІМ өкілдері елдегі отандастарымызбен үнемі байланыста. Айта кетейік, бүгін Air Astana "Алматы - Тель-Авив - Алматы" бағыты бойынша Израильге рейс жасауды жоспарлады. 

"Қазақстанның Израильдегі СІМ өкілдері бірден байланысқа шықты. Елде жүрген туристер, студенттер, жұмыс істеп жүргендерге арнайы Whatsapp чат ашылды, хабарландыру жіберіліп тұрады. Байқағаным, қазір елде турист көп. Олар кеңес беріп, ақпараттандырып жатыр. Бұған дейін рейстер болғанда олар туристерге билет алып көмектесті. Енді AirAstana арқылы барлық қазақстандық елден шығарылмақ. Бүгін де өкілдер хабарласып, жағдайымды сұрады. Мен соғысқа дейін Бар-Илан университетінің өкілдерімен Астана мен Алматыға іссапармен баруым керек еді. Біз екі ел университеттері арасында ынтымақтастық туралы келісімге келгіміз келген. Сол үшін оқу орнының басшылығымен 15 қазанда Қазақстанға баруымыз керек еді. Алайда қазіргі жағдайға байланысты бәрі тоқтатылды", - дейді Мадина. 

Қазақстандық электрон музыка фестиваліне баруды жоспарламағанын айтады. 

"Мен фестивальге барамын деп те ойламадым. Кейін ғана БАҚ-тан білдім. Тірі қалғандар үйлеріне жетіп, жағдайдың қалай болғанын баяндап жатыр. Онда тіпті достарым да болмады", - дейді Мадина. 

REUTERS

Мадина 10 күн бұрын елдегі жағдай қандай болғанын айтты. 

"10 күн бұрын бәрі тұрақты, бірқалыпты болды. Мұнда әдетте қыркүйектің аяғы мен қазанның басында түрлі діни, мемлекеттік мерекелер болады. Мысалы, еврей жаңа жылы. Бұл күндері көп мекемелер жабық болады. Біз әдеттегідей жағажайға барып демалып, мейрамханаларда кешкі ас ішіп жүрдік. Тіпті жақында Иерусалимге барып үлгердім", - дейді Мадина. 

Euro news видео кадры

Мадинаның айтуынша, жыл сайын 1-2 рет зымыран атылып, дабыл қағылады. Жергілікті тұрғындар мұндай жағдайға әбден үйреніп қалған. 

"2018 жылдан бері мұнда тұрып келемін. Алғаш рет 2016 жылы болдым. Мұнда қақтығыстар жылына бір рет болып тұрады. Ал оңтүстікте ай сайын болып тұрады. 2021 жылғы мамырда 1 апта бойы зымыран соққылады. Дабыл тоқтамай, 3 күн бойы ұйқысыз өткізгенім есімде. Бұл кезде де адамдар жұмысқа, оқуға барып, күліп, тіпті жүгіруге шығып жүрді. Жергілікті тұрғындар әдбен үйреніп қалған. Менің де оларға қарап иммунитетім қалыптасқан сияқты. Бірақ қазіргі жағдай мүлде басқа. 1 күннің ішінде 700-ден аса адам қаза тапты. Израильдіктердің былай жаппай қырылуы Холокомст кезінен кейін болмаған. Әрине, университет өкілдері күн сайын хабарласып, жағдайымызды сұрап тұрады. Адамдардың бір-біріне көрсеткен қолдауы, рухы берік, әрине", - дейді Мадина.  

Еске салайық, 7 қазанда таңертең "Изз ад-Дин аль-Кассам" бригадасының ХАМАС әскери қанаты бұрын-соңды болмаған операция басталғанын хабарлады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді.

Өз кезегінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақтарды пайдаланып, Газа секторына шабуылдар басталғанын хабарлады.

Израиль Ливанға қарсы соққы жасады

Кейінгі дерек бойынша, "ЗАКА" қоғамдық ұйымының еріктілері Израильдің оңтүстігіндегі кибуц Реим электрон музыка фестивалінде 260 адам өлі табылған. 

Кейін Израильдегі Қазақстан азаматтары үшін шұғыл байланыс желісі жұмысын бастады. Онда консулдық есепке тұрмаған 400-ден аса қазақстандық жүруі мүмкін. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. 

Бүгін ХАМАС өкілдері екі тұтқынды өлтіргені хабарланды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек