Қостанайда полицияға жарылғыш зат туралы жалған хабар берген оқушы анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мектептердің біріне бомба қойылды" деген хабарламадан кейін жедел қызметтер шұғыл түрде тартылған. Оқиға орнына полицейлер, жарылғыш заттарды залалсыздандыру қызметі, өртсөндірушілер және медицина қызметкерлері жеткен.
Оқушылар мен мектеп қызметкерлері эвакуацияланып, ғимарат пен оған іргелес аумақ мұқият тексерілген. Десе де қауіпті заттар табылмаған.
"Полицейлер басқа мектептің 7-сынып оқушысы қоңырау шалғанын анықтады. Ол сыныптасының телефонын пайдаланған және мұны әзіл үшін жасағанын, салдарын түсінбегенін мойындады. Кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, төтенше қызметтердің жұмсаған шығынын өтеу мәселесі қаралады", - деді полиция.
Еске салайық, бұған дейін бомба туралы хабарлап, Ақтауды дүрліктірген адам жасөспірім болып шықты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!