Ішімдікке масайған шығысқазақстандық бомба туралы жалған хабарлама берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ішімдікке масайған ер адам 102 арнасына қоңырау шалып, қаладағы клубтардың бірінде бомба жасырылғанын хабарлаған. Күдікті бұл мекеменің тұрақты келушісі болып шықты.
"Оқиға орнына полицияның сыртқы жасағы мен жедел тергеу тобы дереу жіберілді. Алайда клубты толық тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат анықталмады", - деп жазылған полиция мәліметінде.
Полицейлер күдіктіні қолға түсірді. 28 жастағы жергілікті тұрғын бұл әрекетін масаң күйде жасағанын және болған жайт есінде жоқ екенін айтқан.
Терроризм актісі туралы жалған хабарлау бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір күдіктіге ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті терроризм қаупі туралы қасақана жалған хабар тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова