- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дұрыс жазу туралы
Болып табылады деу дұрыс па?

Кейінгі кезде "болып табылады" деген тіркесті мәтіндерден жиі байқаймыз. Бұлай жазу дұрыс па? Massaget.kz "Қай нұсқа дұрыс?" айдары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы, PhD ғылым докторы Жанат Асылханқызынан дұрыс нұсқаны сұрады.
Калька аударманың табиғаты
Филологтың айтуынша, қазақ тілінде бұрыс қолданылып жүрген сөздер мен сөз тіркестерінің көпшілігі - орыс тілінен тікелей аударылған калькалар.
"Калька дегеніміз - тілімізге, ділімізге жат, табиғатымызға келмейтін, түпнұсқадағы мәнімен қабылдана салған сөздер мен ұғымдар. Бұлардың дендеп енгені соншалық - дұрыс әрі қолайлы болып кеткен", - дейді Жанат Асылханқызы.
"Болып табылады" - калька
Сарапшы осындай калькалардың қатарына "болып табылады" тіркесін жатқызды.
"Бұл тіркес - орыстың "является" деген сөзінің тікелей аудармасы. Басқаларды былай қойғанда, қазір мұны журналистер лексиконынан да жиі ұшырастырамыз. Көзге түрпідей көрінетін осы бір кальканы қолданудан аулақ болған дұрыс", - деп түсіндірді PhD ғылым докторы.
Филолог "болып табылады" деген тіркестің қызметін сөйлемде сызықша атқара алатынын айтты.
"Астана является столицей Казахстана" деген сөйлемді "Астана Қазақстанның астанасы болып табылады" деп аударуды қолайлы көріп тұрамыз. Ол "Астана - Қазақстанның астанасы" деп жазылуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, кез келген жағдайда "болып табылады" тіркесінің қызметін сызықша атқаруға тиісті", - деп түйіндеді маман.
Бұған дейін қай сөздер туралы жазылды?
Іс-шара, шара: қай нұсқа дұрыс?
Бару керекпін, баруым керек: қай нұсқа дұрыс?
Биылғы жыл, биыл, ағымдағы жыл: қай нұсқа дұрыс?
Өкінішке орай, өкінішке қарай: қай нұсқа дұрыс?
Бірге ме, бөлек пе: қай нұсқа дұрыс?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова