"Бөліп төлеу бар ма?" Желіде Алматы облысындағы мектептің сатылып кетуіне қатысты әзіл тарады

Жақында Алматы облысында мектеп 15 миллион теңгеге сатылғаны туралы хабар тараған болатын. Желіде осы жаңалыққа қатысты әзіл тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Facebook-те Нұрбол Ханағат есімді қолданушы жазба жариялады. 

"Университет сатып аламыз!", - дейді ол. 

Нұрбол Ханағаттың оқырмандары оны қолдай кеткен. 

"Сатылып кетті Шымкентте, Алматыда барлығы. Таусылып кетті. Арқалықтан аласыз ба? 1 штук колледж бар"

"Каспи ред бар ма десейші"

"Бөліп төлеу бар ма деп қой"

"Ай жоқ сатылатын универлер. Бәрін сатып алып қойған секілді ғой ректорлар"

"Екі мектеп алсаң бір балабақшаға жеңілдік", - дейді Желі қолданушылары.  

Еске салайық, бұған дейін Amanat партиясы фракциясының депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында 15 миллион теңгеге сатылып кеткен мектептің мәселесін көтерген еді. 

"Сол ауылдағы құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 миллион теңге тұрады. Бір үлкен мектепті 15 миллион теңгеге сатып жіберу деген сұмдық нәрсе ғой. Алматы облысының әкімі бұл қай әкім тұсында қалай сатылғанын анықтау оңай емес, бәрін біліп отырмыз. Тез арада қайтарыңыздар. Әйтпесе, бүкіл фамилияның соңына жетем, екі ай уақыт береміз", - деді Мақсат Толықбай.

Кейін Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов Желіде дау тудырған Алматы облысындағы мектепке қатысты пікір білдірді. Әкімнің айтуынша, ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылады.

Ал нысанның қазіргі иесі әкімдік тарапынан ұсыныс жасалғанын айтты. Қолда қаражаты бар кәсіпкерге жергілікті билік ауылдан балабақша ашып беруді өтінген. Нысан иесінің айуынша, сол кезде жауапты мамандар нысанды 15 миллион теңгеге бағалаған. Ал жөндеуден кейін оның құны 80 миллион теңге болған.

"Мен бұл жерден монша немесе мейрамхана ашқан жоқпын. Халықтың сұрауы бойынша балабақша дайындап жатырмын. Күтіп отырғаныма 5 жыл болды. Қайтаруға қарсы емеспін", - деді нысан иесі Фархат Мәденов.

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!